387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана-БАТЭ: белорус командасы осал қарсылас емес

  • 350
Астана-БАТЭ: белорус командасы осал қарсылас емес

«Үйренген жау атыспаққа жақсы». Астана мен БАТЭ-ның жолы плей-офф кезеңінде тағы да түйіскенде қос тарап та осындай ойға берілген сыңайлы.

Екі елдің баспасөз беттерінде 3 жыл бұрынғы матчтарды еске түсірген жазбалар қылаң беріп жатты. Ал клуб қызметкерлері таспаға түскен ойындарды қайталап көріп, кемшін тұстарды түзеуге тырысып жатыр. 2016-17 жылғы маусымда Астаналықтар Батэні өз алаңында 2-0 есебімен жеңді. Ал қарымта матчта 2-2 есебімен тең түсіп, топтық кезеңге жолдама алды. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, бұл жетістікті қайталауға биыл да мүмкіндік бар көрінеді.  

Әзиз Жұмаділ, сарапшы:

- Қазіргі БАТЭ мен бұрынғы БАТЭ-ні салыстыруға болмайды. Қазіргі БАТЭ ойнауға болатын команда. Өзін де, қарсыласын да ойната білетін команда. Ең басты нәтижені бірінші ойында шешіп алу керек. Сол ойында Астана өзін қалай көрсетеді, сырттағы ойын да солай болады. 

Астана алдағы ойынға тыңғылықты дайындалып жатыр. Тіпті, 3-ші кезеңнің алғашқы ойыны – Атыраумен болатын матч кейінге шегерілді. Баспасөз қызметкерлерінің хабарлауынша, негізгі құрамдағы жігіттердің төрт көзі түгел. Жарақат алғандар жайлы да ақпарат жоқ. Сондықтан астаналық футболшылар жасыл алаңда жан алысып, жан берісуге дайын көрінеді. 

Асқар Хамиден, «Астана» ФК баспасөз қызметкері:

- Команда құрамындағы ойыншылардың барлығы ойынға сақадай сай дайын. Ақтөбеге қарсы өткен ойында Мубеле аздап жарақат алды. Бірақ қазір толықтай дайын. Сондықтан аса бір өзгеріс болады деп ойламаймын, өткен ойындармен салыстырғанда. Жауапкершілік жоғары. Команда жоғары деңгейде дайындалып жатыр. 

Астана Аренада өтетін кездесуге украиналық Сергей Бойко төрелік етеді. Ал матч жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы