387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зарина Дияс US Open турнирінде кіммен бақ сынасатыны белгілі болды

  • 638
  • UPD: 14:58, 23.08.2019
Зарина Дияс US Open турнирінде кіммен бақ сынасатыны белгілі болды olympic.kz

Қазақстандық теннисшілердің US Open турниріндегі қарсыластары анықталды, деп хабарлайды prosports.kz

 Биылғы «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы – АҚШ-тың ашық чемпионаты 26 тамыз – 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингте 78-орында тұрған америкалық Мэдисон Бренглмен күш сынасады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 77-сатыдағы Зарина Диясқа жеребе жолдас бола қойған жоқ. Ол әлемнің 2-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады. Заринаға өткен жылы да мықты қарсыластың бірі, әлемнің сол кездегі сегізінші (қазір үшінші) ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова тап болып, алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Ал Ю.Путинцева бірінші кездесуінде америкалық Бернарда Перадан жеңілген болатын.

Биылғы US Open додасына тағы бір қазақстандық спортшы қосылуы мүмкін. Дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған Елена Рыбакина бүгін іріктеу сайыстарының финалында аустралиялық, әлемнің 190-ракеткасы Лизетт Кабрерамен негізгі турнирдің жолдамасын сарапқа салады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкиннің алғашқы айналымдағы қарсыласы осал емес. Ол әлемнің 10-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен кортқа шығады. Өткен жылы осы жарыста үшінші айналымға дейін жеткен М.Кукушкинге биыл сол нәтижесін қайталау қиынға соқпақ.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 75-орында тұрған Александр Бубликтің қарсыласы іріктеу сайыстарының қорытындысы шыққаннан кейін анықталады.

Бір айта кететін жайт, биыл US Open турнирінің жалпы жүлде қоры көбейтіліп, 57 млн АҚШ долларына жеткізілді. Әйелдер және ерлер арасында жеңімпаз атанғандардың әрқайсысы 3,85 млн доллар табыс табады, бұл өткен жылғыдан 50 мың долларға көп. Бірінші айналымнан аса алмаған теннисшілердің өзі 58 мың АҚШ долларына ие болады.

Хабар 24 телеарнасы