385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» велокомандасының капитаны көшбасшыға тиесілі жейдеден айырылып қалды

  • 230
«Астана» велокомандасының капитаны көшбасшыға тиесілі жейдеден айырылып қалды Prosports.kz

«Астана» велокомандасының капитаны Мигель Анхель Лопес «Вуэльта» көпкүндігінің екінші кезеңінде көшбасшыға тиесілі «қызыл» жейдеден айырылып қалды.

199 шақырымға созылған жарыс күні тартысқа толы болды. «Астана» алғашқы кезеңдегі командалық сында топ жарған еді. Қазақстандық команданың велошабандоздары кешегі сынды да ширақ бастап, біразға дейін жарысты бақылауда ұстап отырды. Мигель Анхель Лопес соңғы шақырымдарда шабуылға да шығып көрді. Алайда өзгелерден ұзап кеткен алты велоспортшы өзара бас жүлдені сарапқа салды. Екінші кезеңде колумбиялық Наиро Кинтана жеңіске жетті. Мәре сызығын екінші болып қиған Николас Роч жалпы есепте топ басына шықты. Ирландиялық велоспортшы «қызыл» жейдені киді. «Астана» капитаны жеңімпаздан 37 секунд ұтылып, он бесінші болып кезеңді аяқтады. Мигель Лопес жалпы есепте бесінші орынға сырғыды. Бірақ үздік жас спортшыға тиесілі «ақ жейдені» сақтап қалды. Бүгін «Вуэльтада» 188 шақырымдық үшінші кезең өтеді.    

Хабар 24 телеарнасы