389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дзюдодан әлем чемпионаты: Жансай Смағұлов бірінші кездесуде ұтылды

  • 400
  • UPD: 10:58, 27.08.2019
Дзюдодан әлем чемпионаты: Жансай Смағұлов бірінші кездесуде ұтылды ҰОК

Токиода дзюдодан әлем чемпионатының үшінші жарыс күні басталды.

Бүгін ерлерден 73, қыздардан 57 келідегі спортшылар арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады, деп хабарлайды Olympic.kz. 

73 келіде Қазақстан атынан сынға түскен Жансай Смағұлов бірінші белдесуінде жеңіліс тапты. Ол израильдік балуан Тохар Бутбулға есе жіберді. Ал 57 келіде белдескен Севара Нишанбаева екінші айналымда панамалық спортшыдан жеңіліс тапты.

Еске сала кетейік, әзірге Қазақстан қоржынында бір медаль бар. 60 келідегі Елдос Сметов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 60 келіге дейінгі салмақта қос бірдей балуанымыз қола жүлдеге таласты. Жұбаныш белдесуінде Ғұсман Қырғызбаев пен Елдос Сметов кездесті. Нәтижесінде Елдос Сметов вазари әдісімен жеңіске жетті.

Осыдан бірнеше күн бұрын елге оралған Сметов жарыстан алған әсерімен бөліскен болатын: «Бұл – спорт. Спортта оңай нәрсе жоқ. Спортта кім өзінің мықтылығын, кім өзінің қолынан келгенін, шеберлігін сол жерде көрсетеді. Бірақ татамиден шыққаннан кейін бір-бірімізге деген бауырмашылдығымыз, бір-бірімізге деген достығымыз, бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз ешқашан өзгермеген. Ол өзгермейді де. Өйткені біз бір үйдің баласындай, бір отбасының баласындаймыз».

Алдағы күндерге жарыс кестесімен таныс болыңыздар:

28 тамыз – Дидар Хамза, Руслан Мұсаев (81 келі), Иоланта Бердібекова (63 келі);

29 тамыз – Ислам Бозбаев (90 келі), Мөлдір Нарынова (70 келі); 

30 тамыз – Айбек Серікбаев (100 келі), Зарина Райфова (78 келі); 

31 тамыз – Назгул Маратова (+78 келі); 1 қыркүйек – аралас командалық сын.

Толық жарыс кестесімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.



 

Хабар 24 телеарнасы