389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәулет Шабанбайға Лондон олимпиадасының медалі қашан табысталады

  • 441
  • UPD: 17:14, 27.08.2019
Дәулет Шабанбайға Лондон олимпиадасының медалі қашан табысталады

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен 14-22 қыркүйек аралығында өтетін әлем чемпионатында Дәулет Шабанбайға Лондон олимпиадасының қола медалін табыстау жоспарлануда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.

– Алдыңғы жүлдегер атанған спортшылар медальдерін кері қайтарды, – деді Нұрлан Есембаев. – Олимпиада комитетінің хабарлауынша, елордамызда күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатында балуанымызға қола медальді табыстау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Павлодар облысының спортшысы Дәулет Шабанбай еркін күрестен 2012 жылы Лондон олимпиадасына қатысқан болатын. 120 келі салмақ дәрежесінде күрескен балуанымыз қола медаль үшін белдесуде ресейлік Біләл Маховқа есе жіберіп, жарысты тоқтатқан. Арада 7 жыл өткеннен кейін еркін күрестен 120 келі салмақта Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері атанған грузиялық Давид Модзманашвилидің допингтік сынамасынан тыйым салынған заттар табылды. Спортшының нәтижесі жойылып, одан жеңілген ресейлік Біләл Махов күміс жүлдегер атанды. Ал Біләлға есе жіберген Дәулет Шабанбай қола жүлдеге ие болды.

Бұдан бөлек, Дәулет Шабанбай Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері және бір мәрте күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ ол – АҚШ-та өткен Әлем кубогының жеңімпазы. 2014 жылғы Азия ойындарында күміс медаль олжалаған. 

Естеріңізге сала кетейік, күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында өтетін лицензиялық әлем чемпионатының билеттері сатылып жатыр.

Қазақстанда алғаш рет өткелі отырған әлем біріншілігінде балуандар жүлдеге ғана емес, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын да сарапқа салады. Әлем чемпионатында (олимпиадалық салмақ дәрежелерінде) үздік алтылыққа енген балуандар Олимпиада жолдамасына ие болады.

Әлем біріншілігінің жарыс кестесін мына сілтеме бойынша көре аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы