386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жансая Әбдімәлік Бундеслигада бақ сынайды

  • 348
  • UPD: 12:34, 29.08.2019
Жансая Әбдімәлік Бундеслигада бақ сынайды otyrar.kz

Осы аптаның басында Австриядан олжалы қайтқан Жансая Әбдімәлік енді санаулы күндерден соң Германияны бетке алады.

Бундеслигада бақ сынайтын шахматшы қыз үлкен жарыс алдында аздап тынығып алуды жөн санапты.

Дәстүрлі «Вена Open» жарысына Жансая үшінші рет қатысты. Әлемнің 58 елінен келген 400-ге жуық үміткердің арасында 9 кездесу өткізіп, бірде-бір ойында жеңілмеген жерлесіміз қыздар арасында ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Әйгілі Нана Александрии жүлдесіне иеленді. 

Жансая Әбдімәлік, гроссмейстер:

– Австриядағы жарыста қарсыластар осал болған жоқ. Әлемнің әр бұрышынан мықтылар келді. Мен өзімнің ойыныма көңілім толды. Бірде-бір партияда жеңілген жоқпын. Көптен мұндай нәтиже болмап еді. Әдетте мен өте белсенді ойнаймын. Кейде тым асығыстық танытып, ұпай жоғалтып алатын едім. Бұл жолы әр ойында мұқият болуға тырыстым. 

Жансая енді аз күндік демалып алған соң, қыркүйектің 15-інде Германияға барып, Баден-Баден командасының намысын қорғайды. Классикалық шахматтан өтетін турнирге бір жылдары Магнус Карлсен мен Фабиано Каруана, Вишванатан Ананд секілді әлемге әйгілі шахматшылар қатысқан еді. Енді неміс Бундеслигасында қазақ қызы да бой көрсетеді.

Жансая Әбдімәлік, гроссмейстер:

– Алда үлкен кездесулер болайын деп тұр. Алдымен Баден-Баден командасының сапында ойнаймын. Сосын қазан айында Голландияның 9 дүркін чемпионы Ян Тимманмен кездесемін. Одан кейін де көптеген жарыстар бар.

Жансая қолы қалт ете қалғанда академияға барып, жастармен тәжірибесін бөліседі. Дәл қазір Алматыда Жансая Әбдімәлік атындағы екі бірдей шахмат академиясында 600-ге жуық жас өрен осы бір зерделі ойында меңгеруде. Талапкерлер көп, сондықтан үшінші академияны ашуды жоспарлап отырмыз, дейді Жансая Әбдімәлік. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы