389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шағын футболдан ҚР Президенті жүлдесін алған БАҚ анықталды

  • 246
  • UPD: 21:52, 30.08.2019

БАҚ өкілдері арасында биыл шағын футболдан алғаш рет Президент жүлдесі үшін республикалық турнир ұйымдастырылған.

Бүгін соның жеңімпазы анықталды. Мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болған бәсеке журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайтуды көздейді.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

– Бұл жолы өлеңге емес, теңбіл допқа әркімнің ақ бар таласы десем, артық айтқаным емес. Өйткені барлық әуесқой ойыншы, барлық журналист қазір «Астана Арена» стадионына келіп, өз өнерлерін көрсетті. Жүлде қоры да қомақты – 3,5 млн теңге.

Еліміздің 9 өңірінен келген 25 команда елордада бас қосып, кезекті турнирде өзара мықтылық байқасты. 27 тамызға дейінгі іріктеуден сүрінбей өтіп, қатысу талаптарын орындаған әрбір команда өзінше фаворит саналғаны рас. Қатарға жаңадан қосылған командалардың да жеңістен үміті басым болды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, «Ақорда» командасының ойыншысы:

– Бұл турнирдің маңыздылығы, бұқаралық спортты дамыту бағытында халықпен тікелей жұмыс жасайтын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері журналистер. Сол себепті халыққа сол саясатты насихаттап жеткізетін журналистер болғандықтан, журналистер арасында өтуі ең басты маңыздысы осы деп ойлаймын. Оның үстіне бүгін Президенттің кубогы бұл тәуелсіздігіміздің негізгі темірқазығы Конституция күніне орайластырылып отырғандығы да тегін емес. Осы күнді тұрақты түрде дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыру жоспарымызда бар.

Осылайша, жеңімпаз командаға 1,5 млн теңге, екінші орынға 700 мың, ал үшінші орын үшін 300 мың теңге табысталады. Жекелей сында көзге көрінген 5 үздік ойыншыға 100 мың теңгеден беріледі.

Асхат Қанаев, «Шымкент» командасының ойыншысы:

– Өте керемет. Мақсат – жеңіс емес, танысу, әріптестермен кездесіп жатырмыз.

Тартысты матчардан сүрінбей өткен екі команда ғана ақтық сынға жолдама алды. Басты кездесу «Qazsport» пен «Хабар» арасында өтті. Соңғысының бабымен қатар бағы дау шауып, жеңімпаз атанды. Ал үшінші орын «Хабар 24» командасына бұйырды.

Хасан Тәшенов, «Хабар 24» командасының ойыншысы:

– Турнир тұңғыш рет ұйымдастырылғанымен жоғары деңгейде өтті. Командамыз мейлінше жүлделі орыннан көрінуге тырысты және соған қол жеткізді. Өзге өңірлерден келген команда бізбен терезесі тең ойын көрсете білді. Ойыншыларының шеберлігі мен тәжірибесі жетіспеген сияқты. Бұл жолы үшінші орынды місе тұттық. Мұның өзі біз үшін үлкен қуаныш.

Тағы да еске сала кетейік, ауқымды турнир енді жыл сайын өткізіледі.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Наурыз Базаров, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы