387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуро-2020: бүгін Қазақстан мен Кипр құрамалары кездеседі

  • 391
  • UPD: 12:58, 06.09.2019
Еуро-2020: бүгін Қазақстан мен Кипр құрамалары кездеседі prosports.kz

Бүгін Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Кипрмен кездеседі.

Матч кешкі 22:00-де басталады. Михал Билектен тәлім алатын ұлттық команда сосын Ресейге аттанады. Ресейліктермен ойын 9 қыркүйекте өтеді. Ал, Қазақстан жастар құрамасы «Астана Аренада» Испаниямен алаңға шығады. Бұл кездесу кешкі 19:00-де басталады.

 

Хоккей: «Барыс» - «Амур» 3:2

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы екінші кездесуде «Амурды» қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Есепті Хабаровскі хоккейшілері ашты. Алғашқы кезеңде Томаш Загорна қонақтарды алға жетелеген. Үзілістен кейін «Барыс» сапынан Антон Сагадеев пен Алексей Маклюков мергендік танытып, ойынды қыздыра түсті. «Амур» командасы Игорь Руденковтың көмегімен қарымта қайтарды. Соңғы кезеңде Корбэн Найт белсеніп, жеңіс шайбасын соқты. «Барыс» ойыншысы қатарынан екі кездесуде мергендік танытты. Елордалықтар енді Қытайға аттанады.

 

Шахматшы Алуа Нұрманова әлем чемпионатынан олжалы оралды

Шахматшы Алуа Нұрманова Қытайдың Вэйфан қаласында өткен әлем біріншілігінен күміс жүлдемен оралды. 12 жастағы өрендер арасындағы зияткерлік сайысқа 55 елден 600-ге жуық үміткер қатысқан. Шаршы тақта алдында 11 кездесу өткізген жерлесіміз 9 ойында қарсыластарынан басым түсіп, тек америкалық Ян Роянға есе жіберді. Ал әлем чемпионы атанған Ресейлік Галина Михеевамен болған тартысты ойын тең аяқталды. Биыл Алуа оқушылар арасында әлем чемпионы атанып, Азия біріншілігінде де алтыннан алқа тақты. Сұлтан Таңатаровтан тәлім алатын талантты қыз болашақта гроссмейстер атанып, әлем мықтыларымен шаршы тақта алдында жолықсам дейді.

Алуа Нұрманова, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

Маған әлем мықтыларының ішінен Гарри Каспаров қатты ұнайды. Өйткені ол кісінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік ойын үлгісі бар. Болашақта Каспаров секілді әлемге әйгілі шахматшы болып, қазақ елінің абройын асқақтатсам деймін.

 

Елордада жастар жылына арнаған спорттық фестиваль өтті

Қаладағы жүздеген жасөспірім орталық алаңда бас қосып, 10 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтады. Оның ішінде арқан тарту мен асық ату сияқты ұлттық ойындар да бар. Бұдан бөлек, жарыс бағдарламасына бірқатар көше спорты қосылған. Фестивальде жас буын әлем және олимпиада чемпионадарымен кездесіп, пікір алмасты. Енді дәл осындай фестиваль еліміздің басқа өңірлерінде өтеді.

Мерей Ақшалов, бокстан әлем чемпионы:

-Бұл бүкіл жас буынды спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында жасалып жатыр. Өте дұрыс деп ойлаймын.

 

«Вуэльта» гранд-туры шешуші кезеңге жақындады

Бүгін велоспортшылар 166 шақырымдық тау жолдарында сынға түседі. 13-ші кезеңде «қызыл жейденің» иесі анықталуы мүмкін. Ал, кешегі жарыс күні жалпы есепке өзгеріс енгізген жоқ. «Астана» жігіттері Мигель Анхель Лопестің көшбасшылардан қалып қоймауын қадағалап, кезеңді сәтті аяқтады. Қазақстандық команда сапынан Мануэль Боаро белсенділік танытты. «Астана» велошабандозы қалың топтан озып кеткендер қатарында жүлдеге таласады. Мәреге бес жүз метр қалғанда Филипп Жильбер суырылып алға шықты. Бельгиялық спортшы 12-кезеңде жеңіске жетті. «Астана» сапынан Мануэль Боаро сегізінші болып жарысты аяқтады. Жалпы есепте Примож Роглич топ бастап келеді. Мигель Анхель Лопес үшінші орында тұр.

Хабар 24 телеарнасы