389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бұқаралық спорт түрлеріне жаппай қатысу ақтаулықтар үшін дағдыға айналды

  • 187
  • UPD: 09:44, 08.09.2019
Бұқаралық спорт түрлеріне жаппай қатысу ақтаулықтар үшін дағдыға айналды

Жағалауда жүгіруден және велосипед тебуден жарыстардың жиі өтіп тұруы осыған дәлел. Спортпен шұғылданудан зейнеткерлер де жастардан қалыспайды.

Таңсәріден таза ауада шынығып жүрген қарияларды жағажайдан көптеп кездестіруге болады. 

Ақтаулықтар таңсәріден теңіз жағалауында жүгіріп жүретін әжейді жақсы таниды. Зейнеткердің есімі - Бибітай Рахметова. Алпыс жастағы қария соңғы алты жылдан бері көпсайыстан өлке намысын қорғап жүр. Өзі қатарлас әуесқой спортшыларға дес бермей, бірнеше рет күміс медаль иемденген жан.

Бибітай Рахметова, қала тұрғыны:

- Көпсайыс әдетте жүзу, кедергілерден секіріп жүгіру, ядро лақтыру мен мылтық атудан тұрады. Өз басым аптасына 3-4 рет жаттығу өткізіп тұрамын. Спорттың осы түрімен тұрақты шұғылданғалы бері бірнеше рет екінші орынға ие болдым. Ендігі мақсатым - алтын медаль алу.

Ал Вячеслав атай биыл 82 жасқа толды. Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері әлі күнге ядро лақтырудан қол үзбей келеді. Жаттығуларды әрдайым таза ауада өткізеді. Ол келер жылы Малайзияда өтетін Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде.

Вячеслав Чехоев, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Жасым онға толмаған шағымда бірнеше рет аймақтық жарыстарға қатыстым. Бастапқыда футбол мен волейбол ойнадым. Кейін мылтық атуға әуестігім оянды. Есейе келе жеңіл атлетиканы таңдадым. Осымен әлі күнге шұғылданып келемін. Алда Азия чемпионаты күтіп тұр. Оған спорттың үш түрі бойынша қатысамын. 

Осындай зейнеткерлер кейінгі буынға үлгі. Ал меценаттар болса, оқушылар мен жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасап отыр. Биыл жеке инвестиция салынуымен екі бірдей ойын алаңы қалпына келтірілді. Жобаның бірі 16-шы шағын аудандағы тұрғын үй кешенінде жүзеге асырылды. Меценат енді осы жерге ересектерге арнап спорт алаңын салып бермекші.   

Сәрсенбек Жұмабай, меценат:

- Бес қызым бар, тәрбиелеп отырған. Сосын мына жерде балалар деген сыртта әр жерде ойнап жүреді. Әуелден қарастырылмаған, себебі жоба кезінде болмаған да шығар. Сосын осындай бір сыйлық жасайын деп шештім.

Бір қуантарлығы, аймақ тұрғындары соңғы жылдары жаппай дене шынықтырумен шұғылдана бастады. Теңіз жағалауында жүгіру марафоны мен велосипед тебуден жарысқа қатысушылар саны жыл санап өсіп келеді. Мәселен, алғыс айту күні ұйымдастырылған жүгіруге 400-ге тарта адам қатысты. Мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуі шалғай өңірдегі бұқаралық спорттың дамуының айқын көрінісі.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы