387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» ұжымы Литваға аттанып бара жатқан футбол командасын шығарып салды

  • 98
  • UPD: 23:14, 10.09.2019
«Хабар» ұжымы Литваға аттанып бара жатқан футбол командасын шығарып салды

Қазақстандық команда алғаш рет футболдан журналистер арасындағы әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иә, аладоп аламанының осындай да түрі бар және бұл бәскекеге еліміздің атынан «Хабар» құрамасы аттанбақ. Бүгін елордада жерлестеріміздің жарысқа соңғы дайындықтары пысықталып, ресми шығарып салу рәсімі өтті.

Әдетте футболшы мен тілші деген бір-біріне мүлде қатысы жоқ, әрқайсысы өз саласының мамандары сияқты.

Бастары тек маңызды мачтар мен баспасөз мәслихаттарында ғана қосылмаса. Ал, «Хабар» агенттігінде бұл ұғымдар әлдеқашан біртұтас болып кеткен. Яғни, 24 жылдық тарихында арнаның аяқдопшылары бағындырмаған биік қалмады. Журналистер арасындағы лиганың 6 дүркін чемпионы, Президент кубогына арналған жарыстың жеңімпазы және тағысын тағы солай кете береді. Тіпті «Хабар кап» деген атауымен өзіндік турнир ұйымдастырып, жылына бір рет өңір тілшілерінің басын қосып тұрады. Осыны ескерген халықаралық мамандар бірер ай бұрын әлем чемпионатына арнайы шақырту жіберді.

Ринат Кертаев, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- 25 ел қатысады. Көбісі Еуропаның мен деген мықты мемлекеттері. Біздің команда ұйымдастырушылар тарапынан, СІМ арнайы шақыру алып, бұйырса, Литваға аттанып бара жатыр. Біз ойлаймыз, елдің намысын қорғау үшін бара жатқан құрама команда тек «Хабардың» ғана емес, тәуелсіз қазақ елінің атын шығарып, үлкен жүлдемен оралады деген сенімдеміз.

Иә, биылғы бәсеке Литва төрінде өтеді. Аты журналистер арасындағы болғанымен, заты кәсіпқой футболдан кем емес. Сондықтан жерлестеріміз оған қызу дайындалып жатыр. Аптасына екі рет арнайы жаттығу өткізеді. Оған қоса, әртүрлі лиганың ойындарына қатысып, шеберліктерін шыңдап тұрады.

Нұрсұлтан Құрман, «Хабар» командасының капитаны:

Әрине, барлық команда дайын келеді. Оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқанын кейбір командалардың әлеуметтік желілерден көріп жатырмыз. Физикалық тұрғыда дайын келеді. Бұл жерде психология мен тактика шешеді деп ойлаймын. Кімнің психологиясы мен тактикалық тұрғыда дайындығы мықты болса, сол міндетті түрде жеңіске жетеді.

Психологиялық дайындық демекші, «Хабар» агенттігінің ұжымы бүгін әлемдік аламанға аттанып бара жатқандарға барынша қолдау көрсетті. Салтанатты шара ұйымдастырып, үздіктеріне арнайы сыйлық табыстады. Агенттік басшылығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жан-жақты демеу жасайтындарын жеткізді.

Әзиз Жұмәділ, спорт сарапшысы:

- «Хабар» футболшыларын тек астаналық журналистер емес, тек қана БАҚ лига емес, бүкіл қазақстандық журналистер үлкен үмітпен шығарып салып жатыр. Құрамында белді, белсенді журналистер бар. Барша медиа қауымдастығының сенімдерін арқалап бара жатыр.

Айта кетейік, әлемдік аламан 13 қыркүйекте басталады. Оған дейін жерлестеріміз Литвада бірер жаттығу өткізіп, жеребе тарту рәсіміне қатысады. Ал, жарыстың жалпы қорытындысы 16 қыркүйекте белгілі болады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы