389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алтын бұйырмады: Нұр-Сұлтанда күрестен әлем чемпионатының екінші күні аяқталды

  • 499
  • UPD: 09:14, 16.09.2019
Алтын бұйырмады: Нұр-Сұлтанда күрестен әлем чемпионатының екінші күні аяқталды

Таяуда күрес түрлерінен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды. «Барыс-Арена» кілемінде грек-рим күресінен 67, 87 және 97 келі салмақтағы балуандардың финалистері анықталса, 55, 62, 72 және 82 келіде чемпиондар мен жүлдегерлердің есімі белгілі болды.

Сондай-ақ бүгін әлем біріншілігінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті деп жазады Olympic.kz.

15 қыркүйекте грек-рим күресінен олимпиадалық салмақ дәрежелеріндегі балуандар сынға түсті. Өкінішке орай, Қазақстан сапынан кілемге шыққан үш балуанымыз да жүлде ауылынан алыс қалды. 

67 келіде белдескен Мейіржан Шермаханбет бірінші белдесуде АҚШ балуанына есе жіберсе, 87 келідегі Азамат Күстібаев үшінші айналымда кубалық Дэниел Григоричтен ұтылды. 97 келідегі Ерұлан Ысқақов екінші кезеңде Грузия балуаны Георгий Мелиядан таза жеңілді. 

Қазақстандық балуандардың қарсыластары да ұзаққа шаппады. Сол себепті, ертең өтетін жұбаныш белдесулеріне біздің спортшылар қатыспайды. Аталған салмақ дәрежесіндегі Олимпиада жолдамасын балуандар аймақтық іріктеу турнирінде алуға тырысады.  Бүгін осыдан 20 жыл бұрынғы тарихи сәтті жаңғыртып, әлем чемпионатының алтынын алатын мүмкіндік болған. Алайда, 55 келідегі Қорлан Жақаншаға мұндай бақ бұйырмады. Кіл мықтыларды, оның ішінде 2018 жылғы әлем чемпионы Эльданиз Азизлиді жеңген Қорлан ақтық сында алтыннан көз жазып қалды.

Қазақ балуаны грузиялық Нугзари Цурцумиядан ірі есеппен ұтылды. Өз жанкүйерінің алдында Әнұран шырқатам деген арманы алыстаған Қорлан көз жасына ерік беріп, кілемнен ұзақ уақыт бойы кетпей қойды.  «Шыны керек, финалда тым асығып кеттім. Тезірек алтын алсам, тезірек тұғыр биігінде тұрсам деген ой ғана болды. Осының салдарынан қарсыластың құрсауына тез түсіп қалдым. Өйткені, финалға шыққан спортшының жалғыз-ақ арманы болады. Ол алтын алу. Сол себепті, өз қателігімнен жеңілдім», - дейді Қорлан. 

Әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып, финалға шығу кез келген балуанның қолынан келе бермейді. Сондықтан Қорлан Жақаншаның елорда төріндегі ерлігі ел спортына алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ал бүгінгі әттеген-айдың орнын Қорланның алдағы ірі жарыстарда толтыратынына сеніміміз зор. 

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының капитаны, тәжірибелі Алмат Кебіспаев бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінді. Әу баста алтын алады деп үміт артқан балуанға жапондық Шинобу Ота алдырмаған болатын. Ота өзіне ешкімнің тең келмейтінін дәлелдеп, әлемдік сынның алтынын тағынды. Ал Алмат болса, өзінің жүлде қоржынына әлем чемпионатының үшінші қоласын салды. Кебіспаев кіші финалда 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қырғызстандық Тынар Шаршенбековті 9:0 есебімен ұтты. 
Осылайша, қазақ балуандары әлем чемпионатының күмісі мен қоласын қоржынға салды. Талай жыл арманға айналған алтынның орны әлі де бос тұр.

Мүмкін ертең кілемге шығатын Мейрамбек Айнағұлов (60 келі), Асхат Ділмұхаммедов (77 келі) және Темірлан Шадукаевтардың (130 келі) бірі жанкүйерді қуантар.

Грек-рим күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

55 келі

1. Нугзари Цурцумия (Грузия)

2. Қорлан Жақанша (Қазақстан)

3. Эльданиз Азизли (Әзірбайжан), Шота Огава (Жапония)

63 келі

1. Шинобу Ота (Жапония)

2. Степан Марянян (Ресей)

3. Алмат Кебіспаев (Қазақстан), Славик Галстян (Армения)

72 келі

1. Абуязид Манцигов (Ресей)

2. Арам Варданян (Өзбекстан)

3. Балинт Корпаши (Венгрия), Айк Мнацаканян (Болгария)

82 келі

1. Лаша Гобадзе (Грузия)

2. Рафиг Гусейнов (Әзірбайжан)

3. Саид Абдуали (Иран), Цян Хаитао (Қытай)

Хабар 24 телеарнасы