388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде балалардың спортпен шұғылдануы қаншалықты қолжетімді

  • 517
  • UPD: 11:00, 16.09.2019

Балаңыз қай спорт түрімен айналысады және оған қатысты шығындарды қалтаңыз көтере ме?

Кейінгі кезде көпшілік арасында осы мәселе жиі көтеріле бастады. Өйткені тегін негізде жұмыс жасайтын спорттық мектептер оқу маусымы басталысымен лық толып, бос орын қалмайды. Ал жеке секцияларға жаздырайын десе, бағасы шарықтап тұр.

2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы керек. Бірер жыл бұрын Елбасы қойған осы тапсырма саланың дамуына дүмпу әкелгендей болып еді. Еліміздің түкпір-түкпірінде спорттық нысандар ашылып, бұқаралық іс-шаралардың қатары еселеп артты. Бірақ мұның өзі халықтың жаппай салауатты өмір салтын ұстануына жеткіліксіз екені анық. Әсіресе сол спорттық нысандардың қолжетімділігіне қатысты сұрақ көбейді. Бертін келе, Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені қайта көтеріп, өз жолдауында мәселені шұғыл шешуді тапсырған еді. Тағы да жан-жақты жұмыстар басталғандай болды да, бірақ уақыт өте назардан тыс қалды. Енді соның нәтижесінде қазір қоғамда қайтадан осы спорттық нысандардың, яки спорттық секциялардың қымбаттығына қатысты алаңдаушылық артып отыр. Спорт жанашырлары мәселені жылы жаба салмай, оны түбегейлі шешу керектігін айтады. Әсіресе, құзырлы министрліктер есеп үшін өзіне тиесілі шараларды атқарумен шектелмеу керек. Ұлт саулығы мәселесі тұрған жерде білімге, спортқа және денсаулық сақтауға жауапты ведомстволар біріге отырып, жүйелі шаралар атқару қажет дейді.

Анатолий Ким, Қазақстан ММА федерацмясының құрылтайшысы:

– Осы министрліктерде жұмыс жасайтын әр маман ең бірінші өзі үлгі көрсетіп, қалғандарын спортқа ынталандыра білу керек. Егер қызметкерлердің өзі осылай саланы ішінен білмесе, оның дамуына қатысты не айтуға болады. Қазір әр тарап есеп беру үшін ғана белгілі бір шаралар атқарады. Ал халықты жаппай спортқа тарту, әсіресе, балалар спортын жандандыруға білек сыбана кірісіп жүргендер жоқтың қасы.

Есеп демекші, әр өңір басшысына, тіпті мүмкіндік болса, әр мектеп басшысына спортқа қатысты бөлек көрсеткіш енгізу керектігін алға тартады мамандар. Яғни білім ордаларындағы спорттық залдар қаншалықты тиімді қолданылып жатыр? Бос уақытта қандай секциялар жұмыс жасайды және оған қанша бала келеді деген сияқты. Әйтпесе, мәселенің шешімін табу қиын дейді. Өйткені, мектеп директорлары өзінің есебіне, яки жұмыс көрсеткішіне тікелей қатысы жоқ нәрсеге бас қатырғысы келмесі анық. Бұған қоса, аула клубтарының жұмысын жандандыру да жиі талқыланады. Өйткені балалар үшін ең қолжетімдісі – мектеп залдары мен аула клубтары. Кейінгісіне байланысты қазір арнайы заң қаралып жатыр және жақын болашақта жағдай ретеледі деген үміт бар. Ал ірі спорттық нысандардың қолжетімділігі бұл үлкен өзіндік бөлек тақырып. Қымбаттаттайын десе, көпшіліктің шамасы келмейді. Жеңілдік жасайын дейін десе, нысанның шығынын жабу керек. Ал мүлде тегін секциялар ұйымдастыру тіптен ойға қонымсыз.

Александр Бихерт, «Алау» мұз сарайының директоры:

– Біз бұл мәселеге барынша түсінушілікпен қарауға тырысамыз. Осы тұрғыда балалардың кей топтарына арнайы жеңілдік жасадық. Тіпті алдағы уақытта әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 10 отбасының балаларын қамқорлығымызға алып, тегін негізде жаттықтырғымыз келеді. Осындай бастамалар арқылы жағдайдың шешілуіне сәл де болса үлес қоспақпыз. Ал барлығына тегін жағдай жасау мүмкін емес. 

Иә, ірі спорттық кешен басшыларының қолынан келетіні осы. Өйткені, олардың басым бөлігі – қазір жекеменшік. Сәйкесінше, нысанды күтіп-баптауға қатысты шығындар да осы секциялардан түскен қаржымен жабылады. Қала берді, бапкерлер мен басқа да қызметкерлердің айлығы бар деген сияқты. Сондықтан бәрі қымбат деп даурыға бергеннен мәселе шешілмейді, дейді мамандар. Ол үшін жүйелі және тиімді механизмдерді қолға алу керек. Оның ішінде қарапайым халықты, әртүрлі демеушілерді және саладағы мемлекеттік мекемелерді бұқаралық спортқа ынталандыру тетіктерін енгізу қажет. Әйтпесе, инфрақұрылым мен қаржыландыруға қатысты мәселе бізде бірте-бірте бір жолға қойылған. Енді соны дұрыс ұйымдастыру арқылы, бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар спортына қатысты түйіткелдерді оңай шешуге болады дейді сарапшылар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы