389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі алғашқы тур ойындары басталады

  • 212
  • UPD: 12:26, 17.09.2019
УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі алғашқы тур ойындары басталады

Сейсенбінің кешінде Еуропа алаңдарында сегіз кездесу өтеді. Қазіргі чемпион "Ливерпуль" "Наполиге" қонаққа барды.

Екі команда былтыр да топтық кезеңде жолыққан еді. Юрген Клопп шәкірттері Италияда Анчелотти жігіттеріне есе жіберген соң, өз алаңында қарымта қайтарды. «Ливерпуль» 1:0 есебімен басым түсіп, плей-офф кезеңіне шыққаны белгілі. Қақпашы Алиссон соңғы минуттарда Миликтің қауіпті соққысын кері қайтарып, «Наполиді» плей-офсыз қалдырған болатын. Милик бүгінгі матчқа қатыспайды. Поляк шабуылшысы жарақатынан айыққан жоқ. «Наполи» сапында Хюсайдың да жағдайы белгісіз. «Ливерпуль» негізгі қақпашысы Алиссонға сенім арта алмайды. Кейта мен Клайн да алаңға шықпайды. Бұл топтағы екінші кездесу «Зальцбург» пен «Генк» арасында өтеді.

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының балуандары алтынсыз қалы. «Барыс Аренада» төселген боз кілемде отандық спортшылар 20 жылдан бері бұйырмаған жүлдеден тағы сырт қалды. Әлем чемпионатының үшінші жарыс күні жанкүйерлер 60 келідегі Мейрамбек Айнағұлов пен 77 келі салмақтағы Асхат Ділмұхамедовтың жолына көз тікті. Аса ауыр салмақтағы Мансұр Шадукаев жарысты екінші кезеңде аяқтады. Айнағұлов Бразилия, Литва, Хорватия балуандарынан басым түсіп, жартылай финалға дейін жетті. Алайда финалдық сынға бір қадам қалғанда әлем және Еуропа чемпионы ресейлік Сергей Емелинге есе жіберді. Мейрамбек Айнағұлов 60 келі салмақта Токио олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Бүгін ол қола жүлдеге таласады. 77 келі салмақтағы Асхат Ділмұхамедов алғашқы айналымда чех балуанын ұтты. Сосын әлем және олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Роман Власовтан айласын асырды. Ширек финалда қазақ жігітін тағы бір әлем чемпионы күтіп тұрды. Ділмұхамедов Сербиялық Виктор Немештің де осал тұсын тапты. Алайда күші сарқылған Асхат жартылай финалда венгриялық Тамаш Лоринцтен жеңіліп қалды. Ділмұхамедовке олимпиада жолдамасы бұйырды. Бүгін Асхат қола жүлдеге таласады.

Қазақстан құрамасының боксшылары Екатеринбург қаласындағы әлем чемпионатының кезекті жарыс күнін жеңіспен аяқталды. 69 келі салмақтағы Абылайхан Жүсіпов Тайланд елінің тәжірибелі былғары қолғап шебері Виттучай Масуктың осал тұсын тапты. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ жігітіне берді. Есеп: 5:0. Абылайхан бүгін 1/8-ші финалда неміс боксшысымен кездеседі. 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет те жарысты жалғастырады. Ол Америкалық Хавьер Мартинестен басым түсті. Қазақстан толық құрамда 1/8-ші финалға шықты.

Хабар 24 телеарнасы