389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жылқының жүйрігі мен құстардың қырағысы анықталуда

  • 247
  • UPD: 13:53, 19.09.2019

Ақтөбеде ұлттық ойындар фестивалі өтіп жатыр.

Еліміздің барлық аймақтарынан жиналған саңлақтар жылқының жүйрігі мен аңшы құстардың қырағысын анықтайды. Елімізде бұл біріншілік бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жеңімпаздар алдағы демалыс күні белгілі болмақ.

Көкпардан Ақмола облысы құрамасы бірінші кездесуде қызылордалық спортшылармен күш сынасты. Тартысты өткен ойында еліміздің астанасынан келген көкпаршылар жеңіске жетті. Ал команданың шабандозы Ерлан Қанапин 5 салыммен көзге түсті.

Ерлан Қанапин, шабандоз:

– Жылқымның аты - Бурабай. Бүгінгі ойында жақсы өнер көрсетті. Екеуміз бір-бірімізді қатты түсінеміз. Алаңға жақындағанда жүрісі өзгеріп, дайын тұрады.

Республикалық ұлттық ойындар фестивалінің алғашқы күні алаңға көкпаршылар ғана шыққан болатын. Алдағы 5 күн ішінде аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату мен бәйгенің бірнеше түрінен жарыстар өтеді. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақ, асық ату мен жекпе-жек те бағдарлама күнтізбесіне енген. Ал құсбегілер ителгі, қаршыға және бүркіт құстарын салып, қанжығаларын майлайтын болады.

Қарлығаш Рамазанова, ҚР мәдениет және спорт министрлігі комитетінің басқарма басшысы:

– Ұлттық спорттың дамыған жағы оңтүстік өңір болғаннан кейін Түркістан облысы, Жамбыл облысының командалары мықты. Шығыс Қазақстанның командасын алатын болсақ, Шығыс Қазақстанда жас балалар өнер көрсетіп жүр. Қазір Маңғыстау облысының командасы жақсы. Биылдан бастап Атырау облысының командасы өзіне жақсы команда жасақтап, дайындық үстінде. Жалпы өсу тенденциясы бар.

Ұлттық ойындарға қызығушылық танытып, кәсіби деңгейде шұғылданушылар қатары күн өткен сайын артып келе жатқаны сөзсіз. Себебі бүгінгі жарысқа мыңнан астам спортшы жиналған. Дегенмен ауа райы бұзылып, жаңбыр жауғасын ба әлде Ақтөбеде алғаш рет өткендіктен болар, фестивальде көрермен қатары сирек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы