389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чемпиондық атаққа бір қадам қалды: алтыншы жарыс күнінің қорытындысы

  • 328
  • UPD: 10:07, 20.09.2019
Чемпиондық атаққа бір қадам қалды: алтыншы жарыс күнінің қорытындысы

19 қыркүйекте елордада күрес түрлерінен әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні мәресіне жетті.

Кеше әйелдер күресінен 62, 68 келі салмақтағы, еркін күрестен 57, 65 келі салмақ дәрежесіндегі финалистер анықталды. Сондай-ақ әйелдер күресінен 57, 59, 65 және 76 келіде шын мықтылардың есімі белгілі болды.

Қуантқаны, қазақ балуандары жарыстың алтыншы күнінде Токио олимпиадасына үш бірдей жолдамаға иелік етті, деп жазады Olympic.kz.

Еркін күрестен ел намысын қорғаған Нұрислам Санаев пен Дәулет Ниязбеков қоржынға қос жолдаманы салды. Екі балуанымыз да жартылай финалға шығып, әлем біріншілігіндегі алғашқы алты балуанның қатарынан көрінді. 

57 келідегі Нұрислам Санаев бұл әлем чемпионатындағы басты фавориттердің бірі болатын. Былтырғы әлемдік додадағы нәтижесі де соған дәлел. Шынымен де, Санаев іріктеу айналымдарынан сәтті өтті. Ол Молдова мен Германия балуандарын айқын басымдықпен жеңгенімен, жартылай финалда сүрінді. Жерлесімізді түркиялық балуан, Еуропа чемпионы және әлем біріншіліктерінің жүлдегері, рейтинг көшбасшысы Сүлейман Атлы тоқтатты. Енді Санаев бүгін өтетін кіші финалда қола жүлдеге таласады.

Ал 65 келідегі Дәулет Ниязбеков әлем чемпионатына нағыз бабында келгенін дәлелдеді. Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі балуандардың бірі жарақатына байланысты көптен бері ірі жарыстарда көзге түспеген еді. Үзіліс кезінде дайындығын үдете түссе керек, кеше ол финалда күресуге мүмкіндік алды.

Ниязбеков алдымен Қытайлық Тайпей өкілін 10:0 есебімен ұтса, кейін германиялық спортшыдан 12:7 есебімен басым түсті. Ширек финалда моңғолиялық Тимур Очиродан 6:2 есебімен басым түсіп, еркін күрестегі екінші жолдаманы иеленді. Жартылай финалда Дәулет Ниязбеков өз салмағының үздігі, әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған үндістандық Бажранг Пунияның мысын басты. Тартысты кездесуде жерлесіміз мінез танытып, жеңісті жұлып әкетті. Енді оны финалда екі дүркін Еуропа чемпионы Гаджимурат Рашидов күтіп тұр. Сәтін салса, Дәулеттің қазақ балуандары арасынан еркін күрестен шыққан тұңғыш әлем чемпионы атануға мүмкіндігі бар.

Қыздар арасынан кеше Эльмира Сыздықованың ғана көзге түскенін жазғанбыз. 76 келіде белдескен ол екі жұбаныш белдесуінде жеңіске жетіп, жартылай финалға өтті. Сондай-ақ Токио олимпиадасының жолдамасына иелік етті.

Бірақ қола медаль үшін өткен кездесуде германиялық қарсыласына 0:3 есебімен жол беріп, әлем біріншілігін бесінші орынмен аяқтады. Мұның алдында Валентина Исламова-Бриктің Түркиядан келген қарсыласы Э.Демирханды жеңіп, Олимпиада лицензиясына ие болғаны хабарланған.

Бүгін кілемге еркін күрес шеберлері шығады. Балуандар 70, 74, 92 және 125 келіде өзара мықтыны анықтайды. 

Хабар 24 телеарнасы