389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хоккей: Өскеменнің «Торпедосы» ресейлік «Динамоны» жеңді

  • 198
  • UPD: 13:29, 20.09.2019
Хоккей: Өскеменнің «Торпедосы» ресейлік «Динамоны» жеңді

Ресей Жоғарғы хоккей лигасында ойнайтын Өскеменнің «Торпедосы» кезекті кездесуін Тверь қаласында жергілікті «Динамомен» өткізіп, буллит сериясында басым түсті.

Ойынның негізгі уақытында «Торпедо» сапынан Александр Тарасов гол соқты. Айдын иелері Виктор Пластининнің көмегімен қарымта қайтарды. Шешуші буллитте Иван Исаев мергендік танытып, Өскемен командасына жеңіс сыйлады. «Торпедо» келесі кездесуін ертең "СКА-Нева" командасымен өткізеді. Петербург хоккейшілері кеше елорданың "Номадымен" айдынға шығып, 5:2 нәтижесімен жеңіске жетті. Жоғарғы хоккей лигасының қазіргі чемпионы "Сарыарқа" Санкт-Петербургтің "Динамосынан" ұтылды. Есеп:1:2.   

Елордада өтіп жатқан әлем чемпионатында еркін күрес шеберлері кілемге шықты. 65 келі салмақтағы Дәулет Ниязбеков бұл біріншілікке тыңғылықты дайындықпен келіпті. Тәжірибелі балуанның еншісінде әлемдік сайыстың қола медалы бар. Ниязбеков елордада топ жарудан дәмелі екенін байқатты. Жартылай финалға дейін қарсыластарын түгел жыққан ол, финалдық жолдаманы екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері үндістандық Баджранг Пуниямен сарапқа салды. Дәулет бұл белдесуде жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Бүгін ол ресейлік Гаджимұрат Рашидовпен әлем чемпионы атағына таласады. Ниязбеков Токио олимпиадасының жолдамасын да ұтып алды. 57 келідегі Нұрислам Санаев жартылай финалда сүрінді. Қазақстандық спортшы түрік балуаны Сүлеймен Атлыға есе жіберді. Санавтың еншісінде де олимпиада ойындарының жолдамасы бар. Ал, әйелдер арасында Элмира Сыздықова төртжылдықтың басты додасына жолдама алды. Алайда 76 келіде белдескен жерлесіміз, қола медаль үшін болған кездесуде неміс қызынан ұтылып қалды.     

«Манчестер Юнайтедке» қонаққа барған «Астана» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Алайда елордалықтар Еуропаның алпауыт командасына лайықты қарсылық көрсетті. Тіпті 70 минут бойы алаң иелерінің шабуылына тойтарыс беріп, тең нәтижені сақтап тұр. Бас бапкер Уле-Гуннар Сульшер бұл кездесуде негізінен қосалқы құрамдағы жастарға орын берді. "Астанаға" қарсы 21 жастағы қорғаушы Аксель Туазебе мен 19-ға толған Эйнджел Гомес шықты. 17 жастағы шабуылшы Мэйсон Гринвуд пен 19-дағы Таит Чонг та ойынға араласты. Матчтың үшінші минутында Фредтің алыстан тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері серпілді. "Юнайтед" жиі шабуыл ұйымдастырғанымен, гол соға алмады. Әсіресе, Маркус Рэшфорд бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. "Астана" қақпашысы Ненад Эрич те қателікке бой алдырған жоқ. 73-ші минутта Гринвунд белсенді. 17 жастағы шабуылшы бірнеше футболшыны қапы қалдырып, жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп: 1:0. "Астана" Еуропа лигасының екінші турында "Партизанмен" кездеседі. Ойын 3-ші қазанда елордада өтеді. Сербия командасы алғашқы турда "Аз Алкмармен" тең түсті.

 

 

Хабар 24 телеарнасы