389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің бокс федерациясы AIBA-дан В.Левитке қатысты түсініктеме талап етті

  • 320
  • UPD: 22:28, 21.09.2019
Еліміздің бокс федерациясы AIBA-дан В.Левитке қатысты түсініктеме талап етті

Қазақстан бокс федерациясы АІВА президенті міндетін уақытша атқарушы Мұхаммед Мустасанға Василий Левиттің әділетсіз жеңілуіне орай хат жолдады.

Қазақстандық тарап Ресейдегі әлем чемпионатының жартылай финалындағы күмәнді жекпе-жектен соң түсінік беруді сұрайды деп жазады Olympic.kz. 

«Қадірлі Мұхаммед Мустасан! Қазақстан бокс федерациясы Екатеринбургте өтіп жатқан бокстан ХХ әлем чемпионатындағы төрешілік мәселесіне орай Сізге жүгінуге мәжбүр. Іріктеу айналымдарында төрешілердің бірнеше рет күмәнді шешім қабылдағанына куә болдық. Ал әлем біріншілігінің жартылай финалында кездескен 91 келідегі қазақстандық Василий Левит пен эквадорлық Хулио Цезарь Кастилльо Торрес арасындағы кездесу шешімі тіпті ақылға қонбайды.

Аталған жекпе-жекті тамашалаған қазақстандық сарапшылардан бөлек Олег Саитов, Алексей Тищенко, Егор Мехонцев және Григорий Дрозд сынды шетелдік мамандарың өзі бұл сында Василий Левиттің жеңіске жеткенінен сенімді. Үш раунд бойы қазақстандық боксшысының басым болғанын көзі қарақты жанкүйердің бәрі байқады. 

Алайда АІВА төрешілері неліктен мұндай шешім қабылдағандарын түсіндірген жоқ. АҚШ, Оңтүстік Корея және Угандадан келген үш төреші жеңісті эвкадорлық боксшыға берген. Тіпті Оңтүстік Кореялық төреші Левиттің қарсыласына 30:27 есебімен жеңісті берген! Трибунадан тамашалаған жанкүйерлерге кездесу толықтай көрінбеуі мүмкін, бірақ сарапшылар телевизиялық және интернет көрсетілім арқылы жекпе-жекті қайта қарап, Левитті жеңімпаз деп танып отыр.

Жаңа ережеге сәйкес, бапкерлердің шағым түсіріп, төрешілер шешімін қайта қарауға мүмкіндік бар. Бірақ эквадорлық боксшының қолын көтергенде өз көзіне сенбеген жаттықтырушылар эмоцияға ерік беріп, шаршы алаңнан кетіп қалған. Бірнеше секундтан соң шағым беруге келген бапкерді төрешілер алқасы қабылдамай қойды. 

Қадірлі Мустасан мырза, мұндай жағдай біздің басымыздан бірінші рет өтіп отырған жоқ. Рио Олимпиадасындағы Евгений Тищенко мен Василий Левит арасындағы жекпе-жек есіңізде шығар?! Төрешілердің өте ұят шешім қабылдағаны бокс мәртебесіне сызат түсіріп, аталған кездесуді бүкіл әлем талқылаған болатын. Осыдан соң АІВА тұтастай реформа жасап, төрешілерді қайта қарайтынын, жемқорлықтың жолын жабатынын мәлімдеген еді.

Алайда Екатеринбургтегі әлемдік сында АІВА бұл уәдесінде тұрмады. Қазақстан ұзақ жылдар бойы АІВА бастамаларын қолдап, тіпті үздік федерация атанды. Бүгін финалдық бәсекелер қарсаңында сізден әділ әрі таза төрешлікті қамтамасыз етуді сұраймыз. Әлем чемпионаты аяқталған соң Қазақстан бокс федерациясы АІВА жарыстарындағы төрешілікке қатысты ресми түсінік сұрайды және Сізден қандай шаралар қабылданғанын жеткізуді сұрайды», - делінген ҚФБ атқарушы директоры Бекжан Бектеновтің хатында.

Хабар 24 телеарнасы