388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан балуандарына 20 жылдан бері арман болған алтын медаль тағы бұйырмады

  • 274
  • UPD: 09:21, 23.09.2019
Қазақстан балуандарына 20 жылдан бері арман болған алтын медаль тағы бұйырмады

Еліміздің балуандарына 20 жылдан бері арман болған алтын медаль тағы бұйырмады.

Елордадағы әлем чемпионатында кілем иелерінің кежегесі кейін тартты. Бұйырғаны үш күміс пен төрт қола және Токио олимпиадасының сегіз жолдамасы бар. Әлем біріншілігінің соңғы жарыс күні еркін күрес шеберлері төрт салмақтың мықтыларын анықтады. Қазақ елінің балуандары екі салмақта қола жүлдеге таласқан еді. Алайда 79 келідегі Ғалымжан Өсербаев пен 97 келі салмақтағы Әлішер Ерғалидің медальға шамасы жетпеді. Өсербаев үшінші орын үшін болған белдесуде словакиялық Таймұраз Салказановтан жеңіліп қалды. Ерғали македониялық Магомедгаджи Нуровға есе жіберді.

Қазақстан премьер-лигасының 27-туры «Оқжетпес» пен «Ертіс» арасындағы матчпен басталды. Көкшетау командасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Қайрат» «Қайсарға» қонаққа барып, маңызды үш ұпайын алып қайтты. Есеп: 1:0. «Тараз» «Атырауды» қабылдап, 2:2 нәтижесімен тең түсті. «Тобыл» Қарағандыда «Шахтерден» жеңісті жұлып алды. «Жетісу» «Астананың» осал тұсын тапты. Есеп: 2:1. «Ордабасы» «Ақтөбеден» айласын асырды. 27-ші турдан кейін 58 ұпаймен «Тобыл» топ бастады. 56 ұпайы бар «Қайрат» екінші тұр. Үздік үштікке "Ордабасы" көтерілді. Екі ойын кем өткізген "Астана" 50 ұпаймен төртінші орынға сырғыды. Сосын "Жетісу", "Қайсар", "Шахтер" келеді. "Оқжетпес" пен "Ертіс" тиісінше сегізінші, тоғызыншы орындарға жайғасты. "Тараз", Атырау", "Ақтөбе" турнир кестесінің ең төменгі сатысында қалды.   

Қазақстанда футбол маусымы шарықтау шегіне жетсе, неміс бундеслигасы енді басталды. Бесінші турда топ бастаған «Боруссия» ұпай жоғалтты. Дортмунд командасы Франкфурттың "Айнтрахтына" қонаққа барып, 2:2 есебімен тең түсті. Люсьен Фавр шәкірттері екі мәрте алға шыққан еді. Алайда жеңісті сақтап қала алмады. Матчтың 11-минутында Аксель Витсель есеп ашты. Алаң иелері тайм соңында қарымта қайтарды. Андре Силва кезекті шабуылды нәтижелі түйіндеді. 66-шы минутта Джейдон Санчо белсеніп, Дортмунд командасын алға жетеледі. "Айнтрахт" кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда таразы басын теңестіріп кетті. "Боруссияның" жартылай қорғаушысы Томас Дилейни қарабалас сәтте, допты өз қақпасына соғып алды. Есеп: 2:2. «Боруссия» 10 ұпаймен үшінші орында қалды.   

Жапон теннисшісі Наоми Осака өз жеріндегі турнирде топ жарды. Финалда ресейлік Анастасия Павлюченковамен кездескен ол 6:2, 6:3 есебімен басым түсті. Ойын бір сағат 10 минутқа созылды. Бұл Наомидің спорттық мансабындағы төртінші жүлдесі. Осака осы турнирдің ширек финалында Қазақстандық Юлия Путинцевадан айласын асырған болатын.

Хабар 24 телеарнасы