389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бекзат Нұрдәулетов: Басты арманым – Олимпиада ойындарында топ жару

  • 465
Бекзат Нұрдәулетов: Басты арманым – Олимпиада ойындарында топ жару sn.kz

Су жаңа әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов «Хабар» телеарнасындағы «Tańǵy Habar» бағдарламасына келіп, жеңістен алған әсерімен бөлісті.

– Бекзат, жеңісің құтты болсын!

– Көп рақмет! Бұл – жеңіс тек менің емес, қазақ халқының, бапкерлерімнің, командамыздың жеңісі.

– 81 келі деген Кубаның салмағы еді ғой. Ал сіз Ла Крусқа тіпті амал қалдырмадыңыз.

– Әр айқас өзінше қиын болды. Солардың ішінде кубалық Ла Круспен өткен кездесуді ерекше атап өтер едім. Қалай дегенмен Олимпиада ойындарының чемпионы, әлем біріншіліктерінде де топ жарған. Былайша айтқанда, аты жер жарып тұрған қарсылас. Ағам Әділбек Ниязымбетовтің жолын байлаған боксшы. Сондықтан осындай азулы қарсыласты жеңу үшін дұрыс тактика құрған бапкерлеріме алғыс айтқым келеді.

– Ал жартылай финалдың алдында Әділбек Ниязымбетов қандай кеңес берді?

– Иә, ол тактикалық тұрғыда кеңесін айтты, өз тәжірибесімен бөлісті. Бапкерлер де оны әбден зерттеген ғой. Соның арқасында жеңіске жеттім.

– Босқа қалай келдің?

– Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында туып-өстім. Әкем ең алғаш 10 жасымда бокс үйірмесіне ертіп барды. Үйдің үлкені болғандықтан іні-қарындасыма қорған болсын деген ой ғой. Жекпе-жектің бұл түрі өзіме бірден ұнады. Міне, содан бері 11 жыл өтсе де бокстан қол үзу туралы ойлаған емеспін.

– Есіміңді Бекзат Саттархановқа ұқсасын деп қойған сияқты ғой...

– Бекзат деп әжем қойған. Әкем үйдің кенжесі, сондықтан қара шаңырақта қалған. Біз ата-әжеміздің баласы болып өстік. Қазір Ақтау қаласында Марат Жақиевтің қол астында жаттығып жүрмін.

– Өзің 81 келіге қашан ауысып едің?

– Жасөспірімдер құрамасында жүргенде-ақ 81 келіде өнер көрсеткенмін.

– Бокстан бөлек немен айналысасың? Мамандығың қандай?

– Алматы қаласындағы Туризм және спорт академиясын биыл Педагогика мамандығы бойынша тәмамдадым. Бос уақытымды отбасыммен өткізгенді ұнатамын. Үйдің шаруасына көмектесіп дегендей.

– 81 келіде Куба дәуірі аяқталған күнді көрдік...

– Ла Крустың өзі де соны айтты. «Әлем чемпионатында бес рет топ жарып, атымды тарихта қалдырсам деп едім, мақсатыма жете алмадым» депті.

– Есесіне бұл салмақты Маңғыстау өңірі еншілеп алған сияқты...

– Иә, 81 келіні Маңғыстаудың салмағы деп айтып жүр. Өйткені маған дейін Ердос Жаңабергенов пен Әділбек Ниязымбетов ағаларымыз осы салмақта көшбасшы болды. Енді бұл қатарға мен қосылдым.

– Лицензиялық турнир қашан өтеді?

– Бұл турнир Қытайда өтеді, сол жақта жолдамаға таласатын боламыз.

– Өзің үлгі тұтатын боксшылар деп кімді айтар едің?

– Мұхаммед Әли, Рой Джонс, Әділбек Ниязымбетов секілді мықтылардың боксын көріп өстік.

Дайындаған: М.Асылбек

Хабар 24 телеарнасы