389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлем чемпионы Б.Нұрдәулетовке туған жерінде зор құрмет көрсетілді

  • 320
  • UPD: 21:25, 24.09.2019

Әлем чемпионатында ел намысын қорғап, алтын медальды жеңіп алған Бекзат Нұрдәулетовке туған жері Маңғыстауда ерекше құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Серікбай Тұрымов жерлестері атынан боксшыға Ақтаудан екі бөлмелі пәтер сыйлады. Ал, алғаш спортқа баулыған жаттықтырушысы Батырбек Жайлыбаевқа 3 миллион, қазіргі бапкері Марат Жакиевке 5 миллион теңге тарту етті. Туған қаласы Жаңаөзеннің басшылығы болса, жас батырға темір тұлпар мінгізді.

Ел мерейін үстем еткен 21 жастағы Бекзат Нұрдәулетов пен оның бапкерін күтіп алу үшін әуежайға екі жүзге жуық адам жиналды. Арасында аймақтың құрметті азаматтары, жас спортшылар, туған-туыстары мен жанкүйерлері бар. 

Тілектес Нұрдәулетова, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтың анасы:

- Құрметті қазақ елім, жеңістеріңіз құтты бослын! Барлығымызға ортақ жеңіс. Сіздердің тілеген тілдектеріңіз Алла тағалам қабыл етіп, осындай белеске жетті. Елдің баласы Бекзат деген. Олимпиада шыңына шықсын деп тілейміз.

Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем біріншілігінде Қазақстанның ұлттық құрамасынан ең көп жекпе-жек өткізген Бекзат екен. 6 жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, ел қоржынына жалғыз алтынды салды.

Марат Жакиев, бокстан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:

- Ең бірінші кездесу ол финалдық кездесу сияқты болады ғой. Неге десеңіз, ересектер арасындағы ең үлкен додаға қатысқан Бекзатқа ол психологиялық тұрғыдан мен өзім де ауыр болатын шығар деп ойлап едім, бірақ қарсыластарымыз өте қатты тегеурінді боксшы болған жоқ. Соны ұтқаннан кейін жекпе-жек кетті әрі қарай. Қосып, бабында болғандықтан соңына дейін сақтап, алып шықты. 

Бекзат Нұрдәулетов, бокстан әлем чемпионы:

- Әлем чемпионаты болғандықтан ол жақта оңай кездесу болмайды. Әр боксшы дайындалып, өзін көрсетуге келеді. Құдайға шүкір, бапкерімнің көмегімен алып шықтық. Ең қиын бой сол жартылай финалда сол кубалық боксшы деп айта аламын. Тәжірибелі боксшы. Сол ағайларымыздың қойған тактикасымен Құдай күш-қуат беріп, жақсы нәтиже берді. 

Бекзат Нұрдәулетов 2005 жылғы бокстан әлем чемпионы болған Ердос Жаңабергеновтың жеңісін араға 14 жыл салып қайталады. Маңғыстау бокс мектебінің қос шәкіртінің ұқсас тұстары көп екен. Екеуі де 81 келіде қазақтың намысын қорғап, 21 жасында чемпион атаныпты. Екеуін де тәжірибелі бапкер Марат Жәкиев баптаған. 

Ердос Жаңабергенов, 2005 жылғы бокстан әлем чемпионы:

- Өзім алғандай болдым. Сөздің шыны. Мен де 21 жасымда әлем чемпионы болдым. Ол да 21 жасында әлем чемпионы болды. Жұдырықтасқанда, гимн ойнаған кездегі тұрысында өзім тұрғандай болдым. Қуанышымды енді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 

21 жастағы Бекзаттың былғары қолғапты серік еткеніне 10 жыл болған. Осы аралықта 2011, 2012, 2014 және 2015 жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы болған. 2016 жылы да осы жеңісін қайталап, елімізде жастар арасында көш бастады. Бекзаттың ендігі мақсаты – Олимпиада шыңын бағындыру. Келер жылы өтетін дүниежүзілік додаға жолдама алу үшін алдағы айдан бастап жаттығуға кіріседі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы