389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Фируза Шарипова бокстан кетті

  • 248
  • UPD: 15:43, 27.09.2019
Фируза Шарипова бокстан кетті вести.кз

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова спорттық мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. Ол бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.

«Қымбатты достар! Мен спорттық мансабымды аяқтауға бел будым. Өзімнің жаттықтырушыларыма, менеджеріме, менің командама тамаша жұмысы үшін алғыс айтамын! Біз бірлесіп Қазақстанда бірнеше рекорд орнаттық. Осындай қысқа мерзім ішінде кәсіпқой бокста бізден басқа ешкім мұндай үлкен нәтижелерге қол жеткізген жоқ», - деді ол.

Жазбасында неліктен бокстан кеткенін де түсіндіріп өтті.

«Өкінішке қарай, кәсіпқой бокстағы басты титулға бір-ақ қадам қалғанда тоқтап қалдық. Біз 2018 жылы WBC бойынша әлем чемпионы атағын алуға дайын болғанымызбен, тек қаржылық себептерге байланысты қолымыздан келмеді. Бізге WBC әлем чемпионы атағын алу үшін бірнеше рет қаражат бөлу уәде етілді, дегенмен бөлінген жоқ», - деді Фируза Шарипова.

Бұл титулды кез келген уақытта жеңіп алу үшін екі жыл бойы үздіксіз дайындалғанын, алайда күтуден шаршағанын жеткізді.

«Мен барлық жанкүйерлеріме және осы жылдар ішінде мені қолдаған барлық адамдарға үлкен рахмет айтамын. Сіздерді басты атақты жеңіп қуанта алмағаным үшін кешіріңіз. Мен қолдан келгенімше тырыстым, бірақ әлемдегі барлық нәрсе маған ғана байланысты емес», - деп жазды спортшы өзінің Instagram парақшасында.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін Фируза Шарипова кәсіпқой бокста 11 жекпе-жекке қатысып, 10 рет жеңіске жеткен, оның бесеуінде нокаутпен жеңген. Осы жекпе-жектерде жеңіл салмақтағы WIBA белбеуін, сондай-ақ IBO және WBC Silver белбеулерін жеңіп алды.

Динара Доспан

Хабар 24 телеарнасы