389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Азия чемпионатында қазақстандықтар 1 алтын, 4 күміс, 8 қола медаль жеңіп алды

  • 511
  • UPD: 10:35, 30.09.2019

1 алтын, 4 күміс және 8 қола медаль. Жүзуден Азия чемпионатына қатысқан жерлестеріміз осындай жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсеке Үндістанның Бангалор қаласында өткен болатын. Ұлттық құрама спортшылары, әсіресе, қысқа қашықтыққа брасс әдісімен жүзуде және орта қашықтыққа эстафеталық сында жақсы нәтиже көрсетті. Ал, жалғыз алтын жүлде алматылық Анастасия Резванцева еншісінде. Ол қыздар арасында 200 метрге арқалап жүзуде алдына жан салмады. Құрлықтық додада ел намысын абыроймен қорғағандарды елорда әуежайынан туыстары, достары және жанкүейерлері күтіп алды.

Наталья Шпилева, жаттықтырушы:

Балалардың көбі алғаш рет осындай деңгейдегі жарысқа қатысты. Соған қарамастан намысқа тырысып, жеңіс тұғырына бірнеше рет көтерілді. Енді осы қарқынды жоғалтпай, жаттығу жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Алда тағы біраз жарыс бар. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға осы құраммен тыңғылықты дайындалуды жоспарлап отырмыз.

Ұлттық құраманы бастап барған Наталья Шпилева, тіпті, дайындыққа қажетті арнайы бағдарлама да дайындап қойған. Егер тиісті жағдайлар жасалып, барлығы ойдағыдай өтсе, талай әлем және Олимпиада чемпиондарын шығарарына сенімді. Ата-аналар да бапкер біліктілігін жоғары балғалайды. Бірақ оларға қолдаудың аздығын алға тартады. Бұған қоса, «осындай халықаралық додаларға балалар жіберу үшін қаржы жағанына құзырлы мекемелер көмектессе», дейді.

Жанат Қожахметов, жергілікті тұрғын:

Балалар ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көтеріп жатыр. Бірақ көпшілік олардың өз қаржыларына кеткенін білмейді. Яғни, ата-аналар болып бірлесіп, сол мәселені шешуге тырыстық. Осы тұрғыда құзырлы мекемелердің тарапынан да қолдау болғанын қалаймыз. Бұған қоса, елдегі дайындық пен инфрақұрылымға қатысты да жайсыз жайттар бар. Алдағы уақытты осының бәрі ескеріліп, тиісті деңгейде реттелгенін қалаймыз.

Хабар 24 телеарнасы