389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты аяқталды

  • 214
  • UPD: 10:27, 30.09.2019
Алматыда дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты аяқталды prosports.kz

61 елдің 500-ге тарта өрендері қатысқан татами бәсекесінде Қазақстан құрамасының балуандары бір алтын бір күміс төрт қола медаль ұтып, жалпы командалық есепте төртінші орыннан көрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрқанат Серікбаев әлем чемпионы атанса, Мадина Парагулгова финалда сүрінді. Әлима Жұмағалиева, Әділ Марлен, Тілеген Тынарбай, Айдар Арапов қола жүлдегер атанды.

 

Қазақстан премьер-лигасының 28-ші тур ойындары өтті

«Ертіс» «Шахтерді» қабылдап, 4:2 есебімен басым түссе, «Тобыл» «Жетісумен» ұпай бөлісті. «Атырау» - «Оқжетпес» 2:2. Дәл осындай нәтижемен «Ақтөбе» - «Тараз» арасындағы кездесу де аяқталды. «Астана» «Қайсар» қақпасына жауапсыз үш доп соқты. «Қайрат» «Ордабасының» осал тұсын тапты. Есеп: 4:1. 28-ші турдан кейін 59 ұпаймен «Қайрат» топ басына шықты. «Тобыл» екінші орынға сырғыды. «Астана» 56 ұпаймен үшінші орында тұр. «Ордабасы» төртінші сатыға жайғасты. Сосын «Жетісу», «Қайсар», «Оқжетпес», «Шахтер» және «Ертіс» келеді. «Тараз», «Атырау», «Ақтөбе» турнир кестесінде соңғы орында қалды.

 

Теннис: Бублик финалда сүрінді

Александр Бублик Қытайдың Чэнду қаласындағы турнирдің финалында сүрінді. Қазақстандық теннисші шешуші ойында испаниялық Пабло Карренодан жеңіліп қалды. Ойын екі сағат 8 минутқа созылды. Бублик алғашқы партияда басымдық танытып, тай-брейкте жеңіске жетті. Алайда, қалған екі сетта испан жігітінің мерейі үстем болды. Қорытынды есеп: 7:6, 4:6, 6:7. Биыл Александр Бублик ATP турнирлерінде екі мәрте финалға дейін жетті. Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 57-ші орынға көтерілді.

 

Дохада жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Қатар астанасы Дохада жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Аптап ыстыққа байланысты жарыстар күн ұясына батқанда басталып, жеңімпаздар есімі түн ортасында белгілі болды. 100 метрлік сайыста Америкалық Кристиан Коулман топ жарды. Атақты Джастин Гэтлин күмісті қанағат тұтты. 37 жастағы желаяқ әлі де бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Қола канадалық Андре де Грастың еншісінде кетті. Әйелдер арасындағы 10 мың метрлікте Голландиялық Сифан Хасан әлем чемпионы атанды. Қызғалдақты елдің қызы Эфиопия пен Кения атлеттерінен озып кетті. Ұзындыққа секіруде Ямайкалық спортшы Таджел Гейл жеңіске жетті. Олимпиада чемпионы Америкалық Джеф Хендерсон екінші орынға ие болды. Қола Кубалық Хуан Мигелге бұйырды. Жеңіл атлеттер жарысы алтыншы қазанда аяқталады.

 

Бүгін «Барыс» Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасын қабылдайды

Бүгін «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өткізеді. Андрей Скабелка шәкірттері Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасын қабылдайды. Матч кешкі 19:30-да басталады.

 

Хабар 24 телеарнасы