389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Д.Тенді еске түсіруге арналған турнир басталды

  • 96
  • UPD: 14:37, 11.10.2019

Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді еске түсіруге арналған халықаралық турнир басталды.

Дүниежүзілік конькишілер одағының ұйытқы болуымен өтіп жатқан жарысқа әлемнің 17 елінен үміткерлер келді. Алдымен мұз айдынына жасөспірімдер шықты. Қыздар арасында қысқа бағдарламадан кейін ресейлік Дария Усачева топ бастады. Қазақстандық Ажар Жұмаханова 6-шы орында тұр. Турнир жеңімпаздары бүгін еркін жаттығудан кейін белгілі болады. Сондай-ақ "Халық-Арена" айдынында ересектер мен спорттық бидің шеберлері және жұптасып сырғанаудың мықтылары да екі күн бойы жүлделі орындарды өзара сарапқа салады.  

Ажар Жұмаханова, мәнерлеп сырғанаушы:

- Бүгінгі нәтижеге көңілім толады. Маусым біздер үшін енді басталды. Сондықтан қателіктердің болуы заңдылық. Ал жыл соңында бұданда жақсы нәтиже көрсетем деген ойдамын.

Диана Сүлейменова, мәнерлеп сырғанаушы: 

-  Айдынға шығар кезде біраз қобалжығаным рас. Өйткені жергілікті жанкүйерлер алдында бірінші рет осындай үлкен жарысқа қатысып отырмын.  Мен осы маусымда қысқа және еркін жаттығуда өз бағдарламамды жаңарттым. Нәтижесін алдағы уақытта білетін боласыздар. 

Қазақстан құрамасының шамасы Кипрге де жетпеді. Михал Билектен тәлім алатын ұлттық команда өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы матчты Қазақстан ойыншылары тәуір бастаған еді. 34-минутта қорғаушы Темірлан Ерланов есеп ашты. Алға шыққан алаң иелері бұдан кейін де бірнеше гол соғатын тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді. Исламбек Қуат қақпашымен жеке-дара шығып, Костас Панайидан айласын асыра алмады. Кипр үзілістен кейін күшейді. Қазақстан ойыншыларының босаңсып қалғанын түсінген қонақтар жеңісті жұлып алды. 73-минутта Пиерос Сотириу таразы басын теңестірді. Сосын Николас Янну шешуші допты соқты. Қазақстан өз тобында 7 ұпаймен төртінші орынға сырғыды. Кипр үшінші сатыға жайғасты. Бұл топта Бельгия 21 ұпай жинап, Еуропа чемпионатына жолдама алды. Екінші орында Ресей келеді. Қазақстан жексенбі күні құрлық біріншілігіне шыққан Бельгияны қабылдайды.  

Асхат Тағыберген, Қазақстан құрамасының футболшысы:

- Жігіттер өте жақсы ойнады. Тек сәл ғана сәттілік жетіспеді. Екінші таймда артқа шегініп, көп жүгірген жоқпыз. Өйткені ойыншылар шаршап қалды. Жеңісті жіберіп алғанымыз өкінішті. Гол соғатын сәттерде мүлт кетіп жаттық.  Мұндай мүмкіндікті жүзеге асыру керек еді.   

Милана Сафронова мен Дина Исламбекова бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, кем дегенде қола медальға жақындады. Бурятия астанасы Улан-Удэ қаласында өтіп жатқан біріншілікте өзге қыздарымыз бәсекені ерте аяқтады. 64 келідегі Сафронова Болгариялық Мелиз Йонузовадан басым түссе, Исламбекова Италиялық қарсыласының осал тұсын тапты. Әлем чемпионаты жексенбі күні аяқталады.

Хабар 24 телеарнасы