388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Новак Джокович пен Рафаэль Надаль қайырымдылық матчын өткізеді

  • 290
  • UPD: 11:20, 15.10.2019
Елордада Новак Джокович пен Рафаэль Надаль қайырымдылық матчын өткізеді

Жаһанның теннис жұлдыздары Қазақстан астанасына келеді.

24 қазан күні әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович пен атақты Рафаэль Надаль елордада қайырымдылық матчын өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теннисшілер кешкі 18:00-де «Барыс-Аренада» жасөспірімдер арасында шеберлік сабағын өткізіп, кешкі 19:00-де кортқа шығады. Спорт әлеміндегі өзге де жаңалықтар алдағы топтамада.

 

Хоккей: «Барыс» - «Адмирал» 0:1

Құрлықтық хоккей лигасында қатарынан төрт ойында жеңіске жеткен «Барыстың» «Адмиралға» азуы батпады. Владивосток командасы жеңісті кездесулер санын бес матчқа жеткізді. «Барыс» хоккейшілері кездесуді ширақ бастап, 45 мәрте қарсыластар қақпасына тура соққы жасады. Алайда «Адмирал» қақпашысы тамаша ойынымен көзге түсіп, ешбір соққыны дарытпады. Негізгі уақытта есеп ашылған жоқ. Овертаймда Маркус Юнг Владивосток командасының мерейін үстем етті. «Барыс» биылғы маусымда «Адмиралмен» үшінші мәрте кездесіп, үшеуінде де ұтылып қалды. Андрей Скабелка шәкірттері 16 кездесуден кейін 23 ұпаймен шығыс конференциясында екінші орында келеді. Ертең астаналықтар Риганың «Динамосын» қабылдайды.

 

Білікті бапкерлер даярлау мәселесі талқыланды

Қазақ спортының қара шаңырағы 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Жас мамандарға сапалы білім беріп, еліміздегі денешынықтыру саласының дамуына үлес қосып келе жатқан спорт және туризм академиясы 2015 жылы Халықаралық студенттік спорт федерациясының шешімімен «Әлемдегі ең үздік оқу орны» атағын иеленген болатын. Мерейтой аясында «Университет спорты: ұлт денсаулығы мен өркендеуі» атты жас ғалымдардың IX халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Жиынға әлемнің 22 елінен мамандар қатысып, көптеген маңызды мәселелерді талқылады. Оның ішінде білікті бапкерлер даярлау, жас спортшылардың физиологиялық дайындығын жетілдіру және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру төңірегінде әңгімелер өрбіді. Екі жыл бұрын академия қабырғасынан ашылған бапкерлер дайындау мектебін халықаралық орталыққа айналдыру жайы да сөз болды.

Қайрат Закирьянов, Спорт және туризм академиясының президенті:

Көбі ойлайды, мынау спорт академиясында тек қана чемпиондарды дайындайды деп. Жоқ ең бірінші мақсатымыз жақсы маман даярлау. Жақсы бапкер, тренер дайындау. Ол жақсы тренерлер ертең жақсы спортшыларды дайындайды. Сондықтан осы жолда талай-талай алдымызда мақсаттар бар. Соларды орындауға тырысамыз.

 

Еуро-2020: Украина құрлық чемпионатына жолдама алды

Украина құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Андрей Шевченко шәкірттері Киевте Португалияны қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті. Роман Яремчук пен Андрей Ярмоленконың голы украиндарды құрлық біріншілігіне шығарды. Португалия сапынан Криштиану Роналду он бір метрліктен жалғыз доппен жауап қатты. Шабуылшы спорттық ғұмырындағы 700-голын соқты. Роналду бұл көрсеткішке жету үшін 974 матчқа қатысып, соның 458-інде мергендік танытты. Португалия іріктеу турнирінде 11 ұпаймен екінші орында тұр. Енді Сантуш шәкірттері Сербиямен екінші жолдамаға таласады.

 

Петр Чех хоккейдегі алғашқы ойынын өткізді

«Челси» мен «Арсеналдың» қақпашысы Петр Чех жасыл алаңдағы спорттық мансабы аяқталған соң хоккейге бет бұрды. Чехия құрамасының бұрынғы футболшысы мұз айдында да өз шеберлігін паш етті. Петр Чех екінші ағылшын лигасында ойнайтын «Гилфорд Феникс» сапында айдынға шығып, өз командасына жеңіс сыйлады. «Суиндон Уайлдкэтске» қарсы матчтың жеңімпазы буллитте анықталды. Негізгі және қосымша уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Петр Чех екі бірдей соққыны қайтарып, хоккейде де мықты қақпашы екенін дәлелдеді.

Хабар 24 телеарнасы