388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Токио-2020: Олимпиада марафоны Саппоро қаласында өтетін болды

  • 418
  • UPD: 12:23, 18.10.2019
Токио-2020: Олимпиада марафоны Саппоро қаласында өтетін болды ussian.rt.com

Токио қаласындағы ыстық ауа райы Олимпиада бағдарламасына өзгеріс енгізді.

2020 шілде мен тамыз аралығында Жапония астанасында күн 30 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты Халықаралық олимпиада комитеті марафон мен спорттық жүрісті Саппоро қаласында өткізу туралы шешім шығарды. Себебі шаһар елдің солтүстігіндегі Хоккайдо аралында орналасқан. Мұнда Токиоға қарағанда күн қатты ыстық болмайды. «Біз үшін спортшылардың денсаулығы маңызды. Олимпиада ойындары атлеттердің өміріндегі ең елеулі кезең, олар үздік нәтиже көрсетуге ұмтылады», - дейді Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах. Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті қыркүйек айында сынақ марафонын өткізді. Жапон мамандары көрермендер үшін арнайы шатырлар тігіп, салқындатқышы бар көліктер қойды. Олимпиада марафонын кешкі уақытта өткізу туралы да әңгіме болды. Бірақ жақында жеңіл атлетикадан Катарда өткен әлем чемпионаты бұл тәжірибенің сәтсіз екенін көрсетті. Дохадағы жарыста спортшылардың басым бөлігі мәреге жете алмай қалды. Енді жеңіл атлеттер сайысының бір бөлігін Саппороға ауыстыру мәселесі қаралады. Аталған өзгерістер қабылдаушы тараппен де талқыға түседі.

 

Ресей спортындағы допинг дауы

Ресейдің допингке қарсы күрес агенттігінің басшысы Юрий Ганус Мәскеудегі зертхана мәліметтері ұрланып, сынамалар ауыстырылғанын мойындады. «Бізді біреулер аяқтан шалды. Қаңтар айында бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігіне сынамалар кетпей тұрып, мәліметтердің түпнұсқалары жойылған», - дейді Ганус. Оның айтуынша, бұл іске билікте жүрген бұрынғы спортшылардың қатысы бар. Өйткені олар өз абыройын сақтап қалуды көздейді. Бұл туралы Ганус АҚШ-тың Колорадо қаласындағы конференцияда мәлімдеді. Юрий Ганустың айтуынша, допинг сынамаларының мәліметін Ресей билігіне жақын, беделі бар адамдар ғана алуы мүмкін. Енді бұл жағдай дәлелденсе, Ресей спортшыларының алдағы Токио Олимпиадасынан шет қалуы да ғажап емес.

 

«Барселона» - «Реал» матчы кейінге шегеріледі

Каталониядағы жаппай тәртіпсіздік футболға да өз әсерін тигізді. Испания ғана емес тұтас әлем күтетін «Барселона» - «Реал» кездесуі кейінге шегерілуі мүмкін. Эль-Классиконың алғашқы ойыны Барселонада 26 қазанда өтуі тиіс еді. Бірақ қаладағы көтеріліс Ла Лиганы ойландырып қойды. Ақпарат құралдары 10 тур ойыны 18 желтоқсанға шегерілгенін жазып жатыр. Алайда лиганың ресми хабарламасы шыққан жоқ. «Барселона» командасының бас бапкері Эрнесто Вальверде матчты кейінге шегерудің қажеті жоқ деп санайды. Ол Испания футболына жауапты тұлғалар «Эль-Классиконы өз уақытында өткізгені дұрыс», дейді. «Мұндай жағдай 2017 жылы 1 қазанда да болған. Сол кезде Каталонияда референдум өткен еді. Көшелерде жаппай тәртіпсіздіктер болды. Бірақ «Ванда Метрополитанодағы» «Атлетикомен» ойында ешқандай келеңсіз жағдай болған жоқ», - дейді Вальверде.

 

Бокс: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында 4 алтын, медаль ұтып алды

Бокстан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль ұтып алды. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен құрлық біріншілігінде Руслан Күзеубаев, Ерасыл Ермек, Абзал Серік және Сұлтан Бабаханов топ жарды.

Хабар 24 телеарнасы