388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық жомарт азамат 15 млн теңгеге спорт кешенін тұрғызды

  • 254
  • UPD: 18:41, 20.10.2019

Маңғыстау облысындағы 33 мыңға жуық халық қоныстанған елді мекен тұрғыны озық үлгідегі спорт кешенін тұрғызды.

Ауыл азаматы игі мақсатқа 15 млн теңге қаражат жұмсапты. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған үш залдан тұрады. Қазір мұнда бес спорт үйірмесі жұмыс істеп тұр. Бір мезгілде жүзден астам бала қабылдайтын кешенде онға тарта жұмыс орны ашылған. Меценат енді шығыс жекпе-жегі түрлерінен бапкер жалдап, бала жаттықтыруды көздеп жүр.

Жас джитсер Ибрахим Әбенов ендігі дайындығын су жаңа залда өткізеріне қуанышты. Ол бұған дейін қалада орналасқан спорт кешеніне барып жүрді. Өзі таңдаған джуи-джитсу үйірмесінен себепсіз қалып көрген емес. Мұндағы дәріс оқушы ыңғайына қарай тәулігіне екі мезгіл жүреді.

Ибрахим Әбенов, оқушы:

– Іші кең және татами үлкен. Джиу-джитсу спортымен айналысқаныма бір жылдай болды. Осыған дейін бес жарысқа бардым. Барлығынан да бірінші орын алдым. Келешектегі менің арманым – Қазақстан және Азия ойындарында чемпион болу.

Екі қабатты спорт сарайына боксшыларға арналған жаттығу залы жапсарлас салынған. Ішінің жабдықталуы қаладағы кешендерден кем түспейді. Мәселен, оқушылар мен жасөспірімдер бапкерден үйренгенін рингте қайталап, тәжірибе шыңдайды. Мұнда қазақ және шығыс билерінен де үйірменің ашылуы ауыл тұрғындарын қуантып отыр.

Ақтілек Есжанова, Басқұдық ауылының тұрғыны:

– Біздегі ең үлкен мәселе – Басқұдық ауылында балаларға осындай спорт кешенінің жетіспеушілігі. Әрине, қатынау қиын жолдың қашықтығынан. Балаларымызды жаңбырлы, балшық күні таксиге мініп, қалаға апаруға тура келетін. Осындай спорт кешені көбірек ашылса, тіпті жақсы болар еді. Осындай ауыл азаматтары көбейе берсін.

Жомарт жүрек кәсіпкер кезінде бокспен шұғылданған. Жарыстардың бірінде жарақат алуынан есту қабілеті күрт нашарлап кетеді. Осыдан соң спорттан қол үзіп, әкесі ашқан жеке кәсіпке ден қойған. Өзі жете алмаған жетістіктерге жеткіншектердің жетуін ойлап, игі мақсатына қаржы құяды. Қолға алған жоба құрылысы он айда аяқталған. 

Бағлан Райымбеков, меценат:

– Басқұдық тұрғындарының жағдайын түсініп, екі залдан тұратын спорт кешенін ашып жатырмыз. Әжептәуір ақша салынды. Би орталығы да бар ішінде. Сосын жекпе-жек, таэквондо, джиу-джитсу үйірмелері бар. Барлығын да олимпиадалық жарыстарға қатыстыра береміз.

Меценат көтерген спорт нысанының әр залы бір мезгілде отызға дейін бала қабылдай алады. Перзентін спортқа қатыстыру ауылдықтар үшін қолжетімді. Барлық үйірме ақысы айына алты мың теңге тұрады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы