388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» өз алаңында «Қайратты» 3-1 есебімен жеңді

  • 197
  • UPD: 09:46, 21.10.2019
«Астана» өз алаңында «Қайратты» 3-1 есебімен жеңді vesti.kz

«Астана» мен «Қайрат» арасындағы ұпай айырмашылығы қысқарды.

Қазақстан премьер-лигасының 30-туры аясында «Астана» өз алаңында алматылық «Қайратты» қабылдап, 3-1 есебімен жеңіске жетті. Ойынның тоғызыншы минутында Марин Томасов есеп ашса, екінші таймды Сергей Хижниченко астаналықтардың басымдығын арттыра түсті. Алматылықтар Дугаличтің көмегімен есеп айырмасын қысқарта алды. Алайда көш бастап тұрған Қайрат ойыншылары таблодағы көрсеткішті теңестіре алмады. Ал, матчтың нүктесін Рангело Янга қойды. Осылайша, «Қайрат» пен «Астана» арасындағы ұпай айырмашылығы 2-ге дейін азайды. Ескеретін жайт, елордалықтардың қарсыластарына қарағанда бір ойыны кем.

 

Испания біріншілігінде «Барселона» көш бастады.

Испанияның Ла Лигасындағы бәсеке де қыза түсті. Сегіз турдан кейін көш бастап тұрған Мадридтің «Реалы» тегіс жерде сүрінді. Ортаңқол «Мальоркамен» болған ойында «Галактикос» 1-0 есебімен қарсыласқа жол берді. Бұл ойынға Модрич, Крос, Бэйл, Азар сияқты мадридтік клубтың негізгі ойыншылары қатысқан жоқ. Есесіне, Винисиус Жуниор, Хамес Родригес сияқты негізгі құрамға көп іліне бермейтін футболшылар көзге түсуге мүмкіндік алды. Алайда, олар бапкер сенімін ақтай алған жоқ. Тіпті белсенді Бенземаның өзі бұл ойында командаластарына көмектесе алмады. Ал матчтағы жалғыз голдың авторы – Лаго. Бұл жеңілістен кейін «Реал» бірінші орынды ежелгі қарсыласы «Барселонаға» қолдан берді. Айта кетейік, алдағы сенбіге жоспарланған Эль-Классико Каталониядағы тәртіпсіздікке байланысты кейінге шегерілді.

Зинедин Зидан, «Реал Мадрид» ФК бас бапкері:

- Біз өз жұмысымызды істеуге тырысып жатырмыз. Барселона да, біз де өз орнымызды білеміз. 26-ы күні ойнауымыз керек болса, біз дайынбыз. Бастысы – ойынға дайын болу. Сондықтан жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырысамыз.

Ал, «Реалдың» жеңілісін сәтті пайдаланған каталониялықтар бірінші орынға жайғасты. Барселона сырт алаңда «Эйбарды» 3-0 есебімен жеңді. Ойынның 13-минутында Анутан Гризман есеп ашса, 58-минутта Лионель Месси есепті еселей түсті. «Барселонаның» тағы бір сұрмергені Луис Суарес 66-минутта нәтижелі соққымен көзге түсіп, қорытынды есепті тіркеді. Осы жеңістен кейін «Барселона» 19 ұпаймен көш бастады.

 

Жалғас Жұмағұлов чемпиондық атағын қорғады

Қазақстандық Жалғас Жұмағұлов Ресейдің Сочи қаласында Fight Nights Global 95 турнирінде ресейлік Әли Багаутдиновты жеңді. Осылайша, жерлесіміз жеңіл салмақтағы чемпиондығын қорғап қалды. Жекпе-жек 5 раундқа созылды. Қос жауынгердің ешқайсысы қарсыласын айқын басымдықпен жеңе алмады. Ал, төрешілер жеңісті қазақстандық спортшыға берді. Бұл – Жалғастың 13-жеңісі. Ал осыған дейін UFC-де бағын сынап көрген Багаутдинов осымен 7-рет жеңілді.

 

«Барыс» кезекті рет жеңіске жетті

Астаналық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы аясында ресейлік «Витязьді» қабылдап, жеңісті соңғы минуттарда жұлып алды. Ойынның алғашқы минутында-ақ айдын қонақтары алға шықты. Ал, «Барыс» 4 минуттан соң таблодағы көрсеткішті теңестірді. Екінші периодты елордалықтар өз еншісіне жазса, ойынның үшінші бөлігінде ресейліктер белсенді. Осылайша, негізгі уақыт 2-2 есебімен тең аяқталды. Ал овертаймда «Барыс» мықтылық танытты. Астаналықтар Шығыс конференциясында 26 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.

Хабар 24 телеарнасы