426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының турында қарсыласына есе жіберді

  • 855
  • UPD: 11:12, 30.10.2019
«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының турында қарсыласына есе жіберді

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Магнитагорскінің «Металлургын» қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Матчтың алтыншы минутында Денис Паршин есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. «Барыс» үзілістен кейін азу көрсетті. 30-минутта Деррен Диц айдындағы сан басымдығын нәтижеге ұластырды. Араға үш минут салып, «Металлург» сапынан Максим Матушкин мергендік танытты. Соңғы кезеңде нәтиже өзгерген жоқ. «Барыс» 29 ұпаймен шығыс конференциясында төртінші орында қалды. Ертең Андрей Скабелка шәкірттері Екатеринбургтың «Автомобилистін» қабылдайды.

Бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі жаңа ережемен өтеді

Әуесқой бокстан Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі жаңа ережемен өтеді. Қаңтар айынан бастап, халықаралық олимпиада комитеті бекіткен арнайы топ төрелік ету, ұпай санау секілді жүйелерді жарыстарда сынап көреді. Бұл туралы осы топтың басшысы Моринари Ватанабе мәлімдеді. Токио олимпиадасында бокс бәсекесіне жауапты маман ұпай санауда соққыларға баса мән беріліп, қапталдағы қазылардың бағасы онлайн арқылы көрермендерге көрініп тұратынын айтады. Электронды санау жүйесі бұған дейін ұзақ жыл қолданыста болғаны белгілі. Алайда кейін АИБА төрелік етуге өзгеріс енгізген еді. Енді халықаралық әуесқой бокс федерациясының басына күн туды. Қазір аталған ұйымның қарызы 16 млн долларды құрайды. Токио Олимпиадасында бокс 25 шілдеде басталып, 9 тамызда аяқталады. Ерлер сегіз салмақта, ал әйелдер бес салмақта сынға түседі.

«Пахтакор» мен «Қайраттың» қарқыны күшті

Алматыда футболдан 11 жастағы өрендер арасында халықаралық турнир өтуде. «Қайрат» клубының 65 жылдығына арналған жарысқа жергілдікті командалардан бөлек, Өзбекстан мен Беларусь елінен де жасөспірімдер келіпті. Екі топқа бөлінген 8 команданың ішінде әзірге Өзбекстанның «Пахтакоры» мен «Қайрат» Академиясы алда келеді.

Саидқодыр Батырқожаев, «Пахтакор» ФК ойыншысы:

– Біз Алматыға осымен екінші рет келіп отырмыз. Өткен жылы Наурыз кубогы жолындағы жарыста үшінші орын алып қайтқан едік. Осы жолы топ жарсақ деп отырмыз. Дегенмен қарсыластарымызда осал емес. 

Нұрлан Құлахметәлі, «Қайрат» ФК ойыншысы:

– Бүгінгі ойын өте қиын болды. Бірақ қарсыластарымызды жеңдік. Біз қарсыластарымыздан қорықпадық бірақ қарсыластарымызға құрмет көрсеттік.

«Астана» мен Барнаулдың «Алтайын» ұтқан жарыс иелері А тобының көшін бастаса, «Қайраттың» екінші құрамын және Минскінің «Динамосын» жеңген «Пахтакор» Б тобының тізгінін ұстады. Өзбекстаннан келген тағы бір команда «Бунедкор» да жартылай финалдық жолдамадан дәмелі. Жарыс жеңімпаздары жұма күні белгілі болады.

Хабар 24 телеарнасы