380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің боксшылары Токиодағы турнирде 4 медаль жеңіп алды

  • 358
  • UPD: 12:45, 01.11.2019
Еліміздің боксшылары Токиодағы турнирде 4 медаль жеңіп алды

Келер жылы Токиода жазғы олимиада ойындарының алауы тұтанады. Жапон астанасы қазір кешенді сынға тыңғылықты дайындалуда. Күншығыс елі ойындарды қабылдайтын ареналарды тексеріп, әр спорт түрлерінен сынақ жарыстарын ұйымдастырып жатыр. Бұл жолы боксшылар бәсекесі өтті. Қазақстан Токио турниріне төрт боксшы апарып, төртеуі де финалға шықты. 52 келідегі Сәкен Бибосынов пен 91 келі салмақтағы Айбек Оралбай сынақ жарысының жеңімпазы атанса, Санатәлі Төлтаев пен Римма Волосенко күміс медаль еншіледі.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында қатарынан төрт ойында ұтылды. Елорда командасы кезекті турда Екатеринбургтың «Автомобилисін» қабылдап, овертаймда есе жіберді. Негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталды. «Барыс» сапынан Егор Шалапов, Аркадий Шестаков, Даррен Диц мергендік танытты. «Автомобилиске» жеңісті Қазақстан құрамасының шабуылшысы Найджел Доус сыйлады. «Барыстың» бұрынғы хоккейшісі овертаймда шешуші шайбаны соқты. Астаналықтар шығыс конференциясында 30 ұпаймен төртінші орында қалды. 24 ұпайы бар «Автомобилист» оныншы сатыда тұр. Ертең елордаға Мәскеу ЦСКА-сы қонаққа келеді. Матч кешкі беста басталады.   

Франция астанасында теннистен биылғы жылдың соңғы «мастерс» турнирі өтіп жатыр. Бүгін ширек финалға шыққан спортшылардың есімі белгілі болды. Әлемнің бірінші ракеткасы атануды көздейтін Рафаэль Надаль ежелгі қарсыластарының бірі Стэн Вавринкадан басым түсіп, үздік сегіздіктің қатарына қосылды. Есеп: 6:4, 6:4. Егер Испан жігіті Париж мастерсінде топ жарса, алдағы аптада Новак Джоковичті төмен сырғытып, әлемтік рейтингте көш бастайды. Ал Стэн Вавринка осы жеңілістен кейін жылдың қорытынды турнирінен күдер үзді. Надаль ширек финалда корт иесі Жо-Вильфрид Тсонгамен кездеседі. Француз теннисшісі Ян-Леннард Штруффтың осал тұсын тапты. Канадалық Денис Шаповалов та жарысты жалғастырады. Ол неміс Алекс Зверевті жеңді.

Теннисші жігіттер Парижде кім мықтыны анықтаса, қыздар жылдың қорытынды турнирінде бас қосты. Әлемнің үздік он теннисші Қытайдың Шенжен қаласында биылғы жарыстар күнтізбесін аяқтайды. Екі топқа бөлінген теннисшілер арасында жартылай финалистер анықталды. Әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Барти чехиялық Петра Квитовадан 6:4, 6:2 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Бұл топтағы екінші жолдама Белинда Бенчичке бұйырды. Швейцариялық теннисші Кики Бертенсті тоқтатты. Голландия қызы екінші сетта жарысты жалғастырудан бас тартты. Украиналық Элина Свитолина да жартылай финалда ойнайды. Ал екінші жолдаманы бүгін Симона Халеп пен Каролина Плишкова өзара сарапқа салады.

Хабар 24 телеарнасы