385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» бапкері: «АЗ Алкмаарды» тоқтату қиын болады

  • 116
  • UPD: 12:29, 07.11.2019

Бүгін «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңдегі төртінші турын өткізеді. Қазақстанның су жаңа чемпиондары «АЗ Алкмаарды» қабылдайды. Екі апта бұрын Нидерландта өткен матчта қызғалдақты елдің командасы «Астана» қақпасына жауапсыз алты доп соққаны белгілі.

Бұл жолы Роман Григорчук шәкірттері қарымта қайтаруға тырысады. Украиналық жаттықтырушы сырт алаңдағы кездесуде негізгі құрамның бірнеше футболшысы ойнамағанын тілге тиек етіп, бүгінгі ойында жеңіске ұмтылатындарын жеткізді. Алайда «Астана» сапында қорғаушылар Лука Шимунович пен Жарко Томашевич жоқ. Жарақатына байланысты Рунар Сигурьонсон да «АЗ Алкмаарға» қарсы ойнай алмайды. Нидерланд командасы ішкі біріншілікте «Аякстан» кейін екінші орында келеді. «Дәл қазір бұл команда Еуропа лигасында өз тобының мықтысы» дейді Роман Григорчук. 

Роман Григорчук, «Астана» ФК бас бапкері:

- Басты мақсатымыз үш ұпай алу. Мұндай жағдайдан да тәжірибе жинап, деңгейімізді көтергіміз келеді. Жақсы ойын көрсетуге ұмтыламыз. Өз алаңымызда жанкүйерлердің қолдауын сезінеміз. Әрине команда сапында футболшылар толық емес. «АЗ» клубы тамаша футбол көрсетіп жүр. Енді мықты қарсыласпен сынға түсіп, шамамызды байқаймыз. Оларды тоқтату қиын болады. Соған қарамастан жеңіске жетуге тырысып көреміз.   

Эл тобындағы екінші матчта «Манчестер Юнайтед» «Партизанды» қабылдайды. Ағылшын командасы осы топта жеті ұпаймен бірінші орында тұр. Екінші орындағы «АЗ Алкмаардың» еншісінде бес ұпай бар. Сосын 4 ұпаймен «Партизан» келеді. «Астана» әзірге ұпай жинаған жоқ. Елорда командасы бүгінгі ойында жеңіске жетпесе плей-офф кезеңіне шығу қиындап кетеді. «Астана» - «АЗ Алкмаар» кездесуі кешкі онда басталады.

Хабар 24 телеарнасы