388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа лигасы: «Астана» ФК «Аз Алкмар» командасынан 0:5 есебімен жеңілді

  • 227
  • UPD: 10:26, 08.11.2019
Еуропа лигасы: «Астана» ФК «Аз Алкмар» командасынан 0:5 есебімен жеңілді

«Астана» биылғы Еурокубок додасын сәтсіз өткізді. Елордалықтар ішкі біріншілікте топ жарғанымен, Еуропа лигасында қауқарсыздық танытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Роман Григорчуктен тәлім алатын команда төрт ойында бір ғана гол соғып, өз қақпасына 14 доп жіберіп алды.11 голды «Астанаға» «Аз Алкмар» соқты. Нидерландыда 6:0 есебімен жеңіске жеткен қызғалдақты елдің клубы қарымта матчта бес доппен тоқтады. «Аз Алкмар» «Астана-Аренада» алаң иелерінің мысын басып, шеберліктерін паш етті. 29-минутта шабуылшы Майрон Боаду есеп ашты. 18 жастағы футболшы үзілістен кейін де мергендік танытты. Екінші таймда Фредрик Мидтше мен Уссама Ыдырсси Эрич қақпасынан саңлау тапты. 76-минутта қорғаушы Пантелис Хацидиакос көзге түсті. Қорытынды есеп:0:5. «Астана» осы жеңілістен кейін плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылды. «Аз Алкмар» 8 ұпай жинап, екінші орынға көтерілді.

Дмитрий Шомко, «Астана» ФК футболшысы:

Өте ұят болды. Бізді қолдауға келген жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Өзіміз кінәліміз. Екі-үш гол біздің қателігімізден соғылды. Келесі матчтарда жақсы ойнауға тырысамыз. Алғашқы таймда қарсыласқа қысым көрсетуге ұмтылдық. Бірақ жоспарымыз жүзеге аспады. «Аз Алкмар» жақсы ойнады. Ақталуға себеп жоқ.

Эл тобында «Манчестер Юнайтед» «Партизанды» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ағылшын клубы 10 ұпаймен плей-офф кезеңіне жолдама алды. «Астана» келесі турда «Манчестер Юнайтедпен» кездеседі. Матч 28 қарашада «Астана Аренада» өтеді.

 

Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігіне жаңа басшы сайланды

Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігіне жаңа басшы сайланды. Польшаның туризм және спорт миинстрі Витольд Банька 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап аталған ұйымның тізгінін ұстайды. Польяк маманы Ресейдегі допинг дауына қатысты қатаң шешім күтіп тұрғанын мәлімдеді. Бұдан былай кез келген елдің допингке қарсы күрес ұйымы халықаралық кодекске сай келмесе, ол мемлекеттің спортшылары жарыстарға қатысу құқығынан айырылады. Жаңа ереже бойынша Олимпиада ойындары қарсаңында спортшылардан алынған допинг сынамалары 10 жыл сақталады. Олар жыл сайын қайта сараптамадан өтіп, тексеріледі.

 

Теннис: Жастар арасындағы қорытынды турнир

Италияның Милан қаласында 21 жасқа дейінгі теннисшілер арасында жылдың қорытынды турнирі өтіп жатыр. Әлемнің үздік сегіз ойыншысы арасындағы жарыста жартылай финалистер анықталды. Ойынның партиясы төрт геймнен тұрады. Жалпы кездесу бес сетқа дейін созылады. Америкалық Фрэнсис Тиафу Швециялық Микаэль Имердің осал тұсын тауып, келесі айналымға шықты. Үш партия да 4:2 есебімен аяқталды. Австралиялық Алекс де Минаур Норвег жігіті Каспер Руудтан басым түсіп, жартылай финалға өтті. Сербиялық Миомир Кецманович те жарысты жалғастырады. Ол испан теннисшісі Алехандро Давидович-Фокинаны жеңді.

Хабар 24 телеарнасы