388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ла-Маншты жүзіп өткен тұңғыш қазақ әйеліне қос кубок табыс етілді

  • 138
  • UPD: 23:56, 08.11.2019
Ла-Маншты жүзіп өткен тұңғыш қазақ әйеліне қос кубок табыс етілді

Ла-Маншты жүзіп өткен қазақстандық Әнел Сытдықоваға қос бірдей марапат табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Англияның Дувр қаласында Channel Swimming Association президенті Майкл Рид жүзу маусымының қорытындысына сәйкес кешкі ас кезінде ең үздік суда жүзушілерді марапаттады.

CSA (Channel Swimming Association) – Ла-Манш бұғазын жүзіп өткендердің нәтижелерін тіркейтін және сертификат беретін қауымдастық. Әнел Сытдықоваға Mercedes Gleitze Trophy және The Montserrat Tresserras Trophy кубоктары берілді.

Mercedes Gleitze Trophy – британдық әйелдер арасында алғаш рет 1927 жылы Ла-Маншты жүзіп өткен Мерседес Глейтценің құрметіне аталған марапат. Ол бұғазды әр елден тұңғыш рет жүзіп өткен әйелге тапсырылады. Ал The Montserrat Tresserras Trophy кубогын Әнел Қазақстаннан Ла-Маншты жүзіп өткен алғашқы адам ретінде алды.

«Ассоциация президенті Майкл Ридтің қолынан осындай қос марапатты алуым – мен үшін үлкен құрмет. Енді бұл наградалар Дуврдағы музейде қалады. Онда Қазақстан атауы ойылып жазылған. Бұл менің өз еліміздің әлемге танылуына қосқан кішкентай болса да үлесім» деді Әнел Сытдықова.

Еске сала кетейік, Әнел Сытдықова қазір отбасымен Англияда тұрады.

Хабар 24 телеарнасы