384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жаттықтырушылар 40-50 мың теңге айлық алады

  • 124
  • UPD: 14:21, 19.11.2019

Ертіс өңірінің спорт ардагерлері жаттықтырушы кадрлардың болашағына алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, тиісті қолдаудың жоқтығынан біліктілігі бар мамандар басқа салаларға бет бұруы әбден мүмкін. Жалақының аздығы тағы бар. Жаттықтырушы-оқытушылық құрамға қатысты проблема бірнеше спорт түрлеріне қатысты. Солтүстік өңірге тән қысқы спорт түрлерінде де кадр тапшылығы байқалады.

Облыста мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы тапшы. 18-Ногано олимпиадасының қола жүлдегері Людмила Покашева мамандарға тиісті қолдау болмаса, қысқы спорт түрлерінің келешегі бұлыңғыр боулы мүмкін дейді. Бүгінде облыста небары екі білікті маман бар. Спортқа бет бұрған балаларды қамту үшін бұл жеткіліксіз екені белгілі. Сондықтан, әлеуметтік желіге хабарландыру беруге де мәжбүр болыпты.

Людмила Прокашева, спорт ардагері:

– Жас маманның жалақысы 40-50 мың теңгенің маңайында. Бұл көңілге қонымсыз. Оған қоса әлеуметтік тұрғыдан қолдау жоқ.  Мәселен, қысқы спорт түрлерінің жаттықтырушылары суықта жұмыс істейді. Қолдау болмаса, мамандардан айырыламыз. Жастарды ынталандыру керек, ардагерлерді алмастыратын толқын қажет.

12 жылын биатлонға арнаған спорт шебері Виктор Порфирянуі жаттықтырушы болып еңбек етуде. Жалақы аздығына қарамастан, бұл қиын кәсіпті таңдаған. Қазіргі таңда өңірде екі мыңға жуық оқушы қысқы олимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданады. Облыс орталығында 80 ұл-қыз биатлонға бет бұрған. Олар білікті үш маманнан тәлім алуда.

Виктор Порфиряну, биатлоннан спорт шебері, жаттықтырушы:

– Санаты жоқ, тәжірибесі аз жаттықтырушыға қаржы жағынан қиындау. Білікті маман болу үшін жылдар бойы еңбек ету керек. Өз басым, биатлонның болашағын ойлаймын. Қазіргі уақытта мен сияқты үш маман бар. Десе де, балалардың барлығын қамту үшін тағы бірнеше ставка артық болмас.

Дзюдо, биатлон, мәнерлеп сырғанау, қазақ күресі. Кадрлық мәселе қысқы спорт түрлеріне ғана қатысты емес. Мәселені шешу үшін былтыр спорт колледжі ашылған. Оқу орны 11 бағыт бойынша маман даярлайды. Қазірде 100-ге жуық студент білім алып, жаттықтырушы болуды көздеуде. Олардың қатарында дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер Ербатыр Сыздықов бар.

Ербатыр Сыздықов, спорт колледжінің студенті:

– Осы колледжге түсіп, оқуымды жақсы аяқтап, Қазақстанның үздік-үздік спортшыларын дайындау мақсатым. Болашақта жақсы бір тренер болып, мамандарды дайындау, жақсы күретесін оқушыларды даярлау.

Жастардың аға буынның орнын басу үшін уақыт керек. Кадр мәселесін оған дейін шешу үшін жауапты мемлекеттік мекеме тиісті ұсыныстарын әзірлеген.

Нұрлан Есембаев, облыстық спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Солтүстік өңірде қысқы спорттың қарқынды дамуы керек. Мәселе де болмауы қажет. Сол себепті, жұмысымызда осыған баса мән береміз. Болашақта колледжде шаңғы жарысынан бөлек биатлон бөлімін ашамыз. Мамандарды жоғалтпау үшін оқытушы-жаттықтырушының мөлшерлемесін 18 сағатқа азайтқымыз келеді. Сонда бір маманға бірнеше топтан емес, бір топтан келеді. 

Бүгінде өңірдегі спорт мектептерінде 500-ден астам оқытушы болса, тағы 100 маман қажет. Мамандармен қамтуға қаржылық жағдай қолбайлау. Бүгінде облыста «Спорт-сити» жобасы жүзеге асырылуда. Бір жерде мұз аренасы, жабық футбол және жеңіл атлетика манежі бой көтереді. Осылайша, спорт нысандарының жетіспеушілігі мәселесі шешіледі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий.

Хабар 24 телеарнасы