422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Барыс» ресейлік «Авангардтан» соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды

  • 587
  • UPD: 07:21, 10.12.2019
«Барыс» ресейлік «Авангардтан» соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасымен кездесті.

«Авангард» - қазақстандық команда үшін қолайсыз қарсылас. Екі команда бүгінгі күнге дейін 51 мәрте шеберлік байқасты. Нәтижесінде 15 ойында елордалық клуб басымдық танытса, қалғанында ресейлік хоккейшілер жеңіске жетті. Сондай-ақ соңғы үш кездесуде «Авангард» қазақстандық клубты тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

9 желтоқсандағы ойында қос команда да жақсы ойын көрсетті. Десе де, бірінші кезеңде ресейлік клуб сапынан Кирилл Семёнов 6-минутта «Барыс» қақпасын дәл көздеді. Ал 10-минутта олардың қатарынан Семён Кошелев есепті ұлғайта түсті. Ойынның екінші кезеңінде «Барыс» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан қарсыластар қақпасына небәрі бір ғана шайба соғуға мүмкіндік алды. Оны 31-минутта Роман Старченко өзінің еншісіне жазды. Ал үшінші кезеңнің соңына таяу ойыншылар саны басымдығын пайдаланған «Барыс» хоккейшісі Корбан Найт таразы басын теңестірді. Ал ойынның бітуіне 48 секунд қалғанда Никита Михайлис жеңіс шайбасын соқты. Осылайша елордалық клуб қарсыласын 3:2 есебімен жеңді. Аталмыш ойыннан кейін «Барыс» жалпы турнир кестесінде 46 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Ал шығыс конференциясында үшінші, Чернышев дивизионында екінші орынға жайғасты. Ал «Авангард» жалпы ойын кестесінде үшінші, батыс конференциясында екінші, Чернышев дивизионында бірінші орында келеді. Енді «Барыс» 18 желтоқсанда Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасымен кездеседі.

Хабар 24 телеарнасы