380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық дзюдошылар Қытайда өтетін қорытынды турнирге қатысады

  • 374
  • UPD: 11:39, 11.12.2019
Қазақстандық дзюдошылар Қытайда өтетін қорытынды турнирге қатысады ҚР Дзюдо федерациясы

Ертең Қытайдың Циндао қаласында дзюдодан биылғы жылдың қорытынды турнирі басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Шеберлер жарысына» әлемнің 67 елінен таңдаулы 448 балуан қатысады. Қазақстан атынан тоғыз спортшы сынға түседі. Ерлер арасында Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Елдос Жұмақанов, Ерлан Серікжанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза және Ислам Бозбаев бар. Қыздардан Отгонцецег Галбадрах пен Севара Нышанбаева белдеседі.

 

Чемпиондар лигасы: «Интер» – «Барселона» 1:2

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған тағы алты команда белгілі болды. Кубоктың қазіргі иегері «Ливерпуль», «Валенсия», «Наполи», Дортмунд «Боруссиясы», «Лион» және «Челси» 1/8 финалға шықты. Бүгін қалған екі жолдаманың тағдыры шешіледі. Топтық кезеңдегі соңғы турда жұрт назарын аударған кездесу Миланда өтті. Италия чемпионатының көшбасшысы «Интер» «Барселонаны» қабылдады. Каталония командасы күні бұрын келесі кезең мәселесін шешіп тастаған болатын. Ал алаң иелеріне тек жеңіс қажет еді. Алайда Антонио Конте шәкірттері «Барселонаның» жастарына қарсы тұра алмады. 23-минутта Карлес Перес есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Сосын «Интер» сапынан Ромелу Лукаку қарымта қайтарды. Матчтың 86-минутында алаңға тыңнан қосылған Ансу Фати мергендік танытып, «Барселонаға» жеңіс сыйлады. «Интер» Еуропа лигасында жарысты жалғастырады.

 

Чемпиондар лигасы: «Челси» – «Лилль» 2:1 

«Челси» 1/8 финал жолдамасына соңғы турда ие болды. Лондон командасы француздардың «Лилль» клубын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 19-минутта Тэмми Абрахам есеп ашты. Сосын Сесар Аспиликуэта нәтижені еселей түсті. «Лилль» жолдамадан әлдеқашан күдер үзген болатын. Сондықтан француз командасы арқаны кеңге салып ойнады. 78-минутта Лоик Реми гол соғып, кездесуге нүкте қойды. «Челси» өз тобында екінші орын алып, чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты.

 

«Наполи» бас бапкері Карло Анчелотти қызметінен кетті

«Наполидің» бас бапкері Карло Анчелотти қызметінен кетті. Италия командасы чемпиондар лигасының соңғы турында «Генкті» қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Аркадиуш Милик үш доп соққан матчта Дрис Мертенс де көзге түсті. «Наполи» екінші орынмен 1/8 финалға өтті. Алайда команда соңғы уақытта А сериясында сәтсіз ойнап жүр. Бұған дейін Анчелотти шәкірттері қатарынан тоғыз кездесуде жеңіске жете алмады. Қазір «Наполи» Италия чемпионатында жетінші орынға түсіп қалды. Карло Анчелотти Неаполь клубын 2018 жылдан бері жаттықтырды. Келісім-шарт үш жылға жасалған болатын.

 

Томирис Нұржан Рафаэль Надаль академиясының турнирінде топ жарды

Қазақстандық теннисші Томирис Нұржан Рафаэль Надаль академиясының турнирінде топ жарды. Испанияның Пальме де Майорка қаласында өткен дәстүрлі жарыста жерлесіміз 10 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында жеңіске жетті. Томирис Мальта, Бельгия, Македония және Швейцарияның жас теннисшілерінен басым түсті. Қазақстан атынан бұл турнирге 12 ойыншы барған болатын. Рафаэль Надаль академиясындағы жарысқа әлемнің 51 елінен 275 бала қатысты.

Хабар 24 телеарнасы