429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Допингпен ұсталған қазақстандық спортшылар барлық атағы мен сыйақыларынан айырылады

  • 695
  • UPD: 22:41, 18.12.2019

Елімізде допинг қолданған спортшылар мен олардың бапкерлеріне қатысты жаза күшейеді.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл жөнінде спортшылардың пікірі қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заңға сай енді допинг пайдаланған кез келген атлет барлық спорттық атағы мен қаржылай сыйақыларынан айырылып қана қоймай, саладан шеттетіледі. Одан қалды, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар жаңа заң бойынша Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері жалға берілетін пәтерді өз атына тек 10 жылдан кейін аудара алады. Өйткені допинг сынамалары осынша уақыт сақталып, сол аралықта талдаудан өткізіледі.

Раухан Тұғымбаева, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы:

Олимпиада, сурдоолимпиада және паралимпиадада алған сыйақылары, жалпы машина немесе пәтер солардың барлығы қайтарылып алынады. Сонымен қатар барлық спорттық нәтижелері жойылады. Жалпы спортшы осы уақытқа дейін жинаған барлық атақ-дәрежелерін жоққа шығарады деген сөз.

Халықаралық додаларда дараланып топ жарған, бірақ қазіргі таңда денсаулық жағдайына байланысты спортпен қош айтысқандар аз емес. Мәселен, кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы осыдан 5 жыл бұрын спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болған Мерей Ақшалов жаңа заңды толығымен қолдайды.

Мерей Ақшалов, Ұлттық олимпиада комитеті жазғы спорт түрлері қызметінің жетекші менеджері:

- Біздің кезімізде болған жоқ ондай. Мен шыны керек, ондай витаминдерді ішпейтінмін. Боксерларда негізінен қазы, қымыз, сорпа ғой. Сонымен жүреміз. Қандай жарыс болса, қазы сондай апарады. Ол допинг емес, ет қой. Бізде кішкентай кезімізде қазы күш береді деп миға құйып тастаған ба, сондықтан қазы жеп ап шыға береміз.

Жаңа талап спортшылармен қатар оларға қызмет көрсететін қызметкерлерге де қатысты. Мәселен, спортшы допингпен ұсталған жағдайда, оның бапкері мен жеке дәрігерлері де жауапкершілікке тартылады.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда спортшылар жарыс алдында нені қолдануға болатыны және болмайтыны туралы онлайн курстардан өтіп жатыр. Яғни, Ұлттық олимпиада комитеті допинг түгілі, белгілі бір дәрумендерді спортшылардың екпе түрінде алуына да қарсы. Ендігі қалғаны тек – дұрыс тамақтану.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Нұршапағат Несіпбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы