375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Допинг қолданған спортшының бапкері мен дәрігері де енді қатаң жазаланады

  • 163
  • UPD: 22:07, 19.12.2019

Бұдан былай допинг қолданған спортшылар мен олардың бапкерлері, тіпті оны тағайындаған дәрігерлер де қатаң жазаланатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Бұл өзгеріске спортшылардың көзқарасы қандай, дәрігерлер мен бапкерлер допингпен қалай күресіп жатыр.

Небәрі 21 жастағы Аида Әбікеева 9 жыл ішінде табанды еңбегінің арқасында біраз белес бағындырды. Қазақстанның екі дүркін чемпионы және әлемдік доданың жүлдегері болды. Арманы – Олимпиада жеңімпазы атану. Ол үшін допинг қолданудың қажеті жоқ, дұрыс жаттығу арқылы да жақсы нәтиже көрсетуге болады, - дейді ол.

Аида Әбікеева, бокстан Қазақстан чемпионы:

– Допингсіз де үлкен биіктерге жетуге болады. Ең бастысы, тамақты дұрыстап ішсең, жаттығу жасасаң, диета сақтасаң болды.

Жаңа заңға сәйкес, енді спортшылар допингпен ұсталса, жылдар бойы жиған бар абыройы мен атағынан бір-ақ күнде айырылады. Сыйлықтарын да түгел қайтаруға міндетті. Бапкерлер мен дәрігерлер де қатаң жазаланады. Сондықтан жүлдені әділ алуға үш тарап та мүдделі.

Ерік Алғабек, әйелдер боксынан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Жастар мен жасөспірімдер арасында жаттықтырушы болған кезімде бізге медикаменттер беретін. Кейін олар допинг болып шықты. Сол үшін спортшылармен семинарлар өткіземіз. Сондай-ақ лицензиялық турнирлердің алдында спортшылардың бәрі тесттен өтіп жатыр.

Спорт дәрігері Алексей Марининнің айтуынша, допинг тізімі жыл сайын жаңарып отырады. Қай дәріні ішуге болмайтынын дүниежүзілік агенттік үш ай бұрын арнайы сайтқа жариялайды. Себебі кез келген допинг адам ағзасында осынша уақыт сақталады екен. Ең бастысы, сол тізімді қадағалап отыру керек, - дейді ол.

Алексей Маринин, спорт дәрігері:

– Допинг-офицер кез келген уақытта келіп, спортшыдан қан талдауын ала алады. Бұл жарыс барысында немесе жаттығу кезінде болуы мүмкін. Сондықтан біздің спортшыларымыз барлығына дайын болу керек. Осы бағытта біз ақпараттандыру жұмыстарын күшейттік.

Өкінішке қарай, еліміздегі допингке қарсы жалғыз зертхана қазір жұмысын тоқтатқан. Лицензияны қайтару үшін заман талабына сай қондырғылар орнату керек. Ал ол үшін қыруар ақша қажет. Қазір дәрігерлер алған сынамаларын Германияға жөнелтуге мәжбүр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы