377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Допинг дауы: ресейліктер Wada шешімімен келіспей отыр

  • 206
  • UPD: 22:11, 19.12.2019

Жақында ғана Ресей спортының басына қара бұлт үйірілгені белгілі, хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Допинг дауына іліккен алып мемлекет Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарынан төрт жылға шеттетілді. Допинг дауына іліккен ресейліктерге Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік WADA осындай жаза тағайындағаны белгілі.

Яғни алдағы бақандай төрт жылда байрақты бәсекелерде Ресей туы көрінбей, әнұраны шырқалмайды деген сөз. Ал бұған қатысты осы елдің сала мамандары не дейді?

Солтүстік көршілеріміз Олимпиада ойындарынан шеттетілгенімен қатар, өз елінде үлкен жарыстарды да қабылдай алмайды. Допинг дауынан күллі Ресей спортшыларының беделіне нұқсан келді. Бұған мамандар қанша араласқанымен, мәселе оңынан шешілмеді. Алайда Ресей Президенті Владимир Путин жыл сайынғы үлкен баспасөз мәслихаты кезінде WADA шешіміне қатысты өз пікірін айтты.

Владимир Путин, Ресей федерациясының президенті:

– Кез келген жаза жеке берілуі тиіс. Егер біреу нақты допинг сияқты бірдеңе қолданған болса, онда бұл әділ шешім. Бірақ егер бізде спортшылардың басым көпшілігі таза болса, олар нақты кімнің әрекеті үшін жауап беруі керек? Сонда қалайша бірнеше адамның әрекеті үшін қалайша барлық спортшыға санкция салуға болады?

Ресейдің допинг дауы 2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпиададан басталған. Содан бері көрші елдің спорттағы жағдайы жақсармады. Көптеген спортшысы допингпен ұсталған. Ал былтыр ресейлік спортшылар Пхенчхандағы қысқы Олимпиадаға нейтрал құрама ретінде қатысқан еді. Ал бұл елдегілер WADA-ның шешімін Ресей спортының ақыры деп бағалап отыр. Себебі допингтік мәліметтерді бұрмалау Олимпиадаға қатысушылар ғана емес, бүкіл мемлекетке нұқсан келтірейін деп тұр.

Николай Гуляев, Ресей олимпиада комитеті атқарушы комитетінің мүшесі:

– Спортшыны Олимпиада ойындарына жібермеу оның жылдар бойы төккен тері мен еңбегін жояды. Атлеттерімізді жарысқа қатыстырмау саясатының салдары ауыр болады. Егер біз Олимпиада ойындарына бойкот жарияласақ, әлемдік спорттан ұзақ уақытқа шет қалуымыз мүмкін.

Ресейлік шенеуніктер Олимпиада ойындары мен сол сияқты халықаралық турнирлерге ресми қонақ болып бармайды. Сонымен қатар Ресейге 2032 жылғы Олимпиаданы өткізуге ұсыныс жасауына тыйым салынған. Ал спортшылары енді өз елінің атынан өнер көрсете алмайды. Допинг дауына ілікпеген спортшылар нейтрал статуста жарыстарға қатыса береді. Бірақ жеңіске жетсе, Ресей туын көтеріп, әнұраны шырқалмайды.

Даудың басы допингтен басталғаннан кейін, спортшылар ғана емес, сала мамандары да алаңдай бастады. Мемлекеттік Думаның спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы Михаил Дегтярев та өз  пікірімен бөлісті.

Михаил Дегтярев, мемлекеттік думаның дене шынықтыру, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы:

– Әрине бұл дау бізге қатысты ұйымдастырылуы мүмкін. Президент біздің әшкере болғанымызды тура айтты. Допинг қолданған адамдар болған, біз оларды тауып жазалаймыз. Осы арқылы біз спортымызды тазартамыз. Алайда біз Ресей спортындағы айыптауларды кейінге қалдыратын болсақ, көпшілікке күйе жағылады.

Ресейлік спорттағы бұл дау кәнігі спортшыларды алаңдата бастады. Әлемдік байрақты бәсекелерге қалай шығамыз деп дал болған көпшілігі нейтрал тудың астында өнер көрсетуді көздеп отыр. Ал ресейлік ақпарат көздері спортшылардың бір бөлігі туған елдің байрағын белорусьтік немесе қазақстандық құрамаға ауыстыра алады дейді.

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы