378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барыс» Санкт-Петербургтің СКА командасынан ірі есеппен жеңіліп қалды

  • 165
  • UPD: 10:50, 26.12.2019
«Барыс» Санкт-Петербургтің СКА командасынан ірі есеппен жеңіліп қалды

Бүгін Чехияда шайбалы хоккейден жастар арасында әлем чемпионаты басталады. Элиталық топта Қазақстан құрамасы да сынға түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сергей Старыгиннен тәлім алатын хоккейшілеріміз алғашқы ойынын бүгін Швейцариямен өткізеді. Матч кешкі 20:00-де басталады.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Санкт-Петербургтің СКА командасын қабылдап, ірі есеппен жеңіліп қалды. Қорытынды есеп: 2:6. «Барыс» хоккейшілері матчты ширақ бастап, 11-секундта есеп ашты. Атте Охтамаа СКА қақпасынан саңлау тапты. Петербург командасы жылдам қарымта қайтарды. Алғашқы таймда қарсыластар аянып қалған жоқ. СКА айналасы 40 секундта екі шайба соғып алға шықты. Үшінші голдан кейін «Барыс» қақпашы ауыстырды. Карлссонды Эдди Паскуале алмастырды. 13-минутта Алексей Маклюков арадағы есеп айырмасын қысқартты. Үзілістен кейін СКА хоккейшілері шабуылдарын үдете түсті. Санкт-Петербург командасы айдын иелерінің қақпасын тағы үш мәрте дәл көздеді. СКА сапынан Артем Зуб үш гол соқса, Йори Лехтеря, Наиль Якупов және Василий Токранов та мергендік танытты. «Барыс» келесі кездесуін жұма күні өткізеді. Елордаға Мәскеу «Динамосы» келеді.

 

Жоғары хоккей лигасы: «Номад» –«Лада»: 2:3

«Барыстың» ізбасарлары «Номад» та ұтылып қалды. Жоғарғы хоккей лигасының кезекті турында «Ладаны» қабылдаған елордалықтар 2:3 есебімен жеңілді. 11-минутта Филипп Толузаков есеп ашып, Тольятти командасын алға жетеледі. Сосын «Номад» таразы басын теңестірді. Голдың авторы Ярослав Евдокимов. Үзілістен кейін «Лада» қарқын алып, тағы екі шайба соқты. Денис Горбунов пен Константин Майоров елорда командасының қақпасын дәл көздеді. Матч соңына қарай Иван Верещагин мергендік танытып, ойынды қыздыра түскен еді. Бірақ «Номад» хоккейшілерінің шамасы одан арыға жетпеді. Қорытынды есеп: 2:3. «Ладаның» пайдасында.

 

Жоғары хоккей лигасы: «Торпедо» ЦСК ВВС: 8:0

Жоғарғы хоккей лигасында ойнайтын «Торпедо» ЦСК ВВС командасын қабылдап, 8:0 есебімен жеңіске жетті. Өскемен хоккейшілері Ресей армияшыларына бас көтерткен жоқ. Александр Шин екі мәрте мергендік танытса, Дмитрий Гренц пен Стас Петросян, Денис Игнашин, Иван Исаев, Герман Шапорев және Никита Сироткин де көзге түсті. «Торпедо» 39 ойыннан кейін турнир кестесінде 46 ұпаймен 15-орынға жайғасты. Өскемен командасы келесі кездесуін 7 қаңтарда «Хумомен» өткізеді.

 

Дәурен Ермеков GFC тұжырымының чемпионы атанды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дәурен Ермеков GFC тұжырымының чемпионы атанды. Орта салмақта сынға түскен жерлесіміз ресейлік Артур Гусейновтан басым түсті. Жекпе-жек кеші Алматыда өтті. Спортшылар үш раунд бойы сайысқа түсті. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан Ермековты жеңімпаз деп таныды.

Хабар 24 телеарнасы