419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ел спортына еңбегі сіңгендер марапатталды

  • 578
  • UPD: 12:09, 01.01.2020

Алматыдағы қазақ спортының қара шаңырағында мамандар жыл қорытындысын жасады.

Биылғы шараның ерекшелігі қала ғана емес, алыстағы ауылды жерлерде спорт саласына еңбегі сіңгендер ескерусіз қалмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақтың спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық басылымы жыл сайын спорт саласының үздіктерін марапаттайды. Биылғы шара академияның 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ұйымдастырушылар бұл жолы шалғай аймақтардағы дене тәрбиесіне үлес қосып жүрген азаматтарды да ұмытпады.

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы:

- Биылғы жылдың бір ерекшелігі – бұрынғы атақты ғана спортшыларды емес, бүкіл ауылдағы жүрген жәй мұғалімнен бастап, дене шынықтыру мұғалімінен бастап үлкен еңбек сіңірген адамдарға дейін марапаттап жатыр.

Жақсылық Үшкемпіров пен Әмин Тұяқов және Ермахан Ибрайымов секілді саңлақтардың қолынан сыйлық алғандардың бірі – Ғани Амантайұлы. Жамбыл облысы Қаракемер ауылында дене тәрбиесінен сабақ беретін қарапайым ғана ұстаз талай таланттың көзін ашқан. Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырған азаматтың еңбегі ескерусіз қалмады.

Ғани Амантайұлы, мектеп мұғалімі:

- Биыл біз Шучинск қаласындағы кіші футбол жарысында республикалық бірінші орын алдық. Оның алдында Астана қаласында 3-орын алдық үлкен футболдан. Бірінші орын, екінші орын иегері болғаннан кейін биылдыққа сол 2019 жылдың үздік дене шынықтыру мұғалімі деп марапаттады.

Дәл осы күні жүзден жүйрік шыққан мықтылардың бәрі марапатталды. Атап айтар болсақ, боксшы Тұрсынбай Құлахмет жылдың үздік спортшысы атанса, Дәурен Төлегенов үздік самбошы деп танылды. Сондай-ақ спорттың барлық түрі бойынша жыл он екі ай бойы үлкен жетістіктерге жеткен қыз-жігіттер құр қол қайтпады. Үздік бапкерлер мен үздік қауымдастық және үздік ардагер спортшылар да назардан тыс қалмады. Өскелең ұрпаққа үлгі болып, әлемдік аренада ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды.

Авторлары: Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы