380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Айбек Нұғымаровтың жаңа жылдағы жоспары қандай?

  • 153
  • UPD: 12:07, 01.01.2020

Семейлік спортшылар өткен жылы аймақтық, республикалық, жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, үздік нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар үшін үлкен жаңалықтың бірі – 5 мың көрерменді сыйғыза алатын спорттық-мәдени кешен пайдалануға берілді. Өңірге ғана емес, атағы еліміз бен әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен даңқты палуан Айбек Нұғымаровтың жаңа жылдағы жоспары қандай?

2019 жылы семейліктер Айбектің осындағы 90 жылдық тарихы бар көлік колледжіне директор болып тағайындалуына куәгер болды. Спортшы педагогикалық институтты тамамдап, негізгі мамандығы ұстаз болғандықтан, бұл қызметті ұршықша иіріп әкетті. Міне, жаңа жыл қарсаңында осы оқу орнының түлегі, Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Маларовты құттықтап шықты. Бұл қайнаған жұмыстың бір бөлшегі ғана.

Айбек Нұғымаров, Семей көлік колледжінің директоры:

- 2019 жылда есте қалатын кезеңдер, «Қазақстан барысы» болдым, одан кейін «Әлем барысынан» 2-орын алдым. Тамыз айында барып, қажылықты өтеп келдім, үлкен қажылықты, жаттықтырушыммен бірге. Ол кісіге де, өзіме де жолдама берген болатын. Осы жылғы басты қуанышты жаңалық, 5 парызымның біреуін өтеп келдім.

Айбектің келесі жылғы басты жоспарының бірі – данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты өтетін Қазақ күресі сайысын лайықты деңгейде ұйымдастыру. Қарауылтөбеде өтетін жарысқа әлемнің үздік деген палуандары бас қоспақшы. Ал өзі тышқан жылы күресті қоя ма дегенге келсек.

Айбек Нұғымаров, Семей көлік колледжінің директоры:

- Мен енді өзімді өзім қартайып тұрғандай сезінбеймін. Денсаулық берсе, ары қарай күресе беремін. Өзі бір реті келеді деп ойлаймын. Бір ағамыз айтып еді, «күресті қоясың ба» дегенде, «білмеймін» дегенде, «Айбек, оны сен емес, болашақ жастар біледі» деген.

Бұл балуанның екінші перзенті – Нұрай. Бүгінде өмірлік жары Айжан екеуі 3 баланы тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Айша мектеп табалдырығын аттапты. Ал Айбарыс есіктен енген әкесін көрсе құшақтап әлек болады.

Айжан Нұғымарова, палуанның өмірлік жары:

- 2019 жылы Айбарысымыз бір жасқа толды, тұсауын кесіп, тойын жасап, қызымыз 1-сыныпқа барды, тілашар той жасадық. Қазақстан демографиясын көтеріп, тағы да төртінші рет сәбилі болғалы жатырмыз, бұйырса, Алла қаласа. Жаңа жылда тек қана жақсылық болып, жаңа табысқа жете берейік! Әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызда тек қана бақыт, шаттық, қуаныш болсын! Қазақ елінде балалар саны көбейіп, батырлар келе берсін!

Қазақ күресінен 4 дүркін әлем чемпионы, Қазақстан, Еуразия және «Әлем Барысы» бос уақытында Абай шығармаларына жиі көз жүгіртеді. Сондықтан болар, ол адамзаттың бәрін бауырындай көріп, қазақтың бірлігін ту етеді. Даңқты балуан «барлық атақ-дәрежеден ел мен жердің ықыласы артық», дейді. Абайша айтсақ, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!».

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы