375,77 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық жігіт зілдей ауыр темірмен турникке тартылады

  • 193
  • UPD: 08:56, 06.01.2020

24 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны Ильдар Ягьяев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. Жас жігіт спорт номинациясы бойынша 22 мың дауыс жинаған. Ол 120 келі темірмен турникке тартылып, Street Workout-тан әлемдік рекорд орнатты.

Ильдардың әр күні Каспий жағалауында, ашық аспан астында денеге күш түсіретін жаттығулардан басталады. Турникке кемінде 100 мәрте тартылады. Ол көше спортымен 17 жасынан айналыса бастады. 7 жыл ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. 2018 жылы Ресейде өткен халықаралық жарыста Ильдар стритлифтингтен әлемдік рекорд жасады.

120 келі ауыр темірді беліне байлаған спортшы еш қиналмастан турникке тартылып, көпшілікті таңқалдырған болатын. 

Ягьяев Ильдар, Street Workout бойынша әлем чемпионы:

- Алғаш рет үлкен жарысқа 2013 жылы қатыстым. Үшінші орын алдым. Ол кезде турникке 32 келі жүктермен, темірмен тартылатынмын. Жыл сайын шынығып, салмақты 4 есеге арттырдым. Қазақстанның, Ресейдің чемпионаттарында жеңіске жетіп, әлем чемпионы атандым. Ендігі мақсат спорттың осы түрін Маңғыстауда кеңінен дамытуға үлес қосу. 

Былтыр Ильдар Ягьяев жаттығу жасау челленджіне қатысып, ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығы – спорт алаңын ұтып алған болатын. Ол түскен бейнеролик әлеуметтік желіде ең көп дауыс жинаған. Бүгінде бұл алаңда қала жастары жаттығып жүр. 

Сүндет Жайлаубаев, қала тұрғыны:

- Ильдар ұтып алған сыйлығын туған қаласына тарту етті. Бүгінде бұл спорт алаңы біздің сүйікті орнымызға айналған. Жас та, кәрі де осында келіп жаттығады. Оның «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Лайықты азамат. Біз Ильдарды мақтан тұтамыз. 

Жеке кәсіппен айналысатын Ильдардың спорттан қол үзгісі жоқ. Ол ашық аспан астында балаларды көше спортына баулығысы келеді. Спортшының айтуынша, street workout – ең үнемді әрі қолжетімді спорт түрі. Мұндай спорт алаңдары Ақтаудың әр шағынауданында кездеседі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы