377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХЛ: «Барыс» «Нефтехимикті» ойсырата жеңді

  • 147
  • UPD: 23:23, 08.01.2020
ҚХЛ: «Барыс» «Нефтехимикті» ойсырата жеңді inform.kz

Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің «Нефтехимик» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нефтехимик» турнир кестесінде соңғы орындарда келеді. Сондықтан бүгін «Барыс» жеңіске жетеді деген болжам көп айтылды. Елордалық клуб жанкүйерлердің сол сенімінен шыға білді.

Ойынның бірінші кезеңінде қазақстандық хоккейшілер басымдық танытты. Дегенмен есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңнің 21-минутында «Барыс» сапынан Даррен Диц қарсылас команда қақпашысын қапы қалдырды. Бұдан кейін 30-минутта ресейлік хоккейші Арсен Хисамутдинов таразы басын теңестірді. Ал 34-минутта елордалық Аркадий Шестаков «Барысты» тағы да алға шығарды. Оның командалас әріптесі Атте Октамаа 34-минутта есепті ұлғайта түсті. Ойынның 41-минутында айдын иелері дөрекілік танытып, олардың қақпасына белгіленген буллитті «Барыс» хоккейшісі Корбан Найт мүлт жіберген жоқ.

Үшінші кезеңде де ойын барысы алғашқы екі кезеңдегідей өрбіді. Елордалық клубтың басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Осындай қағаберіс бір сәтті тиімді пайдаланған Никита Михайлис 50-минутта «Нефтехимик» қақпасына тағы бір шайба енгізді. Осылайша, «Барыс» бүгінгі қарсыласын ойсырата жеңді.

«Барыс» енді елордада 11 қаңтарда Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасымен шеберлік байқасса, 12 қаңтарда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), 14 қаңтарда «Салават Юлаев» (Уфа), 16 қаңтарда «Металлург» (Магнитогорск) командаларын қабылдайды.

Хабар 24 телеарнасы