425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиаданың алауы тұтанды

  • 587
  • UPD: 11:47, 10.01.2020
Жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиаданың алауы тұтанды

Швейцарияның Лозанна қаласында жасөспірімдер арасындағы үшінші қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанып, салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің 79 елінен жинаған 1872 атлет спорттың 19 түрінен сайысқа түседі. Қазақстан атынан 26 спортшы бәсекеге араласады. Олар 9 спорт түрінен бақ сынайды. Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты «Малей» мұз сарайында өтті. Қазақ елінің көк туын тау шаңғысы шебері Владислав Шлемов ұстап шықты. Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах қатысушылар алдында сөз сөйлеп, атлеттердің өз үйлеріне келгенін атап өтті. Себебі, Лозанна бір ғасырдан бері Олимпиада қозғаласының мекені болып келеді. Бүгін үш адамдық хоккейден жарыстар басталады. Қазақстандық қақпашы Алексей Байдек аралас құрама сапында өнер көрсетеді. Ал, биатлоншылар 11 қаңтар күні ойындарға араласады.

 

«Атлетико» Испания суперкубогының финалына шықты

«Атлетико» испан суперкубогының финалына шықты. Диего Симеоне шәкірттері жартылай финалда «Барселонаның» осал тұсын тапты. Алғашқы тайм шиеленісті өткенімен, есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін матч қыза түсті. 46-минутта Коке белсеніп, «Атлетиконы» алға жетеледі. Сосын Месси кезек алды. Аргентиналық шабуылшы таразы басын теңестірді. 10 минуттан кейін Антуан Гризманн гол соғып, «Барселонаны» алға жетеледі. Каталония жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады. 81-минутта Алваро Мората пенальтиден мергендік танытса, бес минуттан соң Анхель Корреа жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп: 3:2. «Атлетико» финалда Мадридтің тағы бір мықтысы «Реалмен» кездеседі. Испан суперкубогының иегері жексенбі күні Сауд Арабиясының Жидда қаласында анықталады.

 

Теннис: «Shenzhen Open 2020» турнирі

Теннисші қыздардың бір тобы Қытайда жүр. Шенжен турнирінде Қазақстандық спортшылар да сынға түсті. Зарина Диас ширек финалда испаниялық Гарбина Мугуруса-Бланкодан жеңіліп қалды. Есеп: 4:6, 6:2, 4:6. Осы турнирге қатысып жатқан тағы бір жерлесіміз Елена Рыбакина жартылай финалға шықты. Ол Бельгиялық Элиза Мертенстен басым түсті. Есеп: 6:4, 4:6, 6:2. Бүгін Рыбакина финалдық жолдаманы чехиялық Кристина Плишковамен сарапқа салады. Ұтыс қоры 750 мың долларды құрайтын жарыстың жеңімпазы жексенбі күні анықталады.

Хабар 24 телеарнасы