378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Михаил Калашников жұмыс істеген тарихи ғимаратты қалпына келтіру мүмкін болмай тұр

  • 109
  • UPD: 20:37, 11.01.2020

Алматы облысының Матай станциясындағы тарихи сәулет ескерткіші – теміржолшылар клубы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезінде бұл нысан еліміздегі үздік клубтардың бірі болатын.

Мұнда аты аңызға айналған Михаил Калашников жұмыс істеген. Бірақ жергілікті билік тозған ғимаратты қалпына келтірудің мүмкін еместігін айтады.

Алыстан қараған адамға Матай ауылдық клубы Рим Пантеонын еске салады. Тарихи сәулет ескерткіші болғанымен, мемлекет қорғауында емес. Бұл ғимарат Түрксіб теміржол магистралінің құрылысы аяқталғаннан кейін салынды.

Мұнда Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды танымал тұлғалар болған. «Заманында белгілі артистер концерт қойып, ең үздік көркем фильмдер осында көрсетілетін еді», деп өткенді күрсіне еске алды ауыл ақсақалдары. 

Жолдыбай Бекежанов, Матай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бұл клубта духовой оркестр үйірмесі болған, билер үйірмесі болған, ән-күй үйірмесі болған. Спорт жағынан да болған. Спорт жағынан Матай өте мықты болды азаматтары.

Матай станциясы мен жергілікті клубтың тағы бір тарихи тұлғамен тығыз байланысы бар. 1942 жылы мұнда Михаил Калашников киномеханик болып жұмыс істеді. Оған клубтың ішінен бір бөлме берілген. Осында тұрып, қару-жарақтардың сызбасын жасады. Калашников мұнда ең соңғы рет 2003 жылы келіп, локомотив депосында болды. Алайда, мәртебелі мейманға тоз-тозы шыққан клубты көрсетуге ешкімнің дәті бармады. 

Михаил Калашников, конструктор:

- Әр ана өз баласын қалай аялап, мақтан тұтса, мен де құрастырған қару-жарақтарыммен мақтанамын. Матай депосында жасалған тапанша-пулемет кейін жетілдіріліп, «АК-47-ге» айналды. Мен ол күндерді ешқашан есімнен шығармаймын.

Клуб 90-жылдары ақыры жабылып тынды. Ауыл ақсақалдары жергілікті биліктен оны қалпына келтіруін өтініп сұрағанымен, әзірге еш нәтиже жоқ.

Жолдыбай Бекежанов, Матай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Клуб керек. Матайда қалалар сияқты ойын орталығы жоқ. Басқа да демалыс орындары жоқ. Жастарға біз қандай тәрбие береміз? Ауданнан ең бірінші сұрап отырғанымыз – осы мәдениет үйі.

Есім Базарханов, Ақсу ауданының әкімі:

- Бізде 22 мәдениет үйі бар. Оның енді мына қазіргі уақыттағы басты мәселе – бізде Матай үлкен ауыл болғаннан соң. Соған мен сұраныс жасадым. Матайға мен енді жаңа жоба сұрап отырмын. Енді үлкен 4 мың халқы бар ауыл, соған бір мәдениет үйін шешсек деп.

Жергілікті биліктің жаңа клуб құрылысына байланысты берген өтінімі жақында мақұлданды. Жобалық-сметалық құжаттамасы биыл жасалады. Сонымен қатар Ақсу мен Көшкентал ауылындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтеді. Өңірде ескірген мәдениет үйлерін кезең-кезеңімен қалпына келтіруге арналған арнайы бағдарлама қабылданып, жүзеге асып жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әділхан Сахариев, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы