377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» биылғы маусымды жаңа бапкермен бастайды

  • 70
  • UPD: 13:09, 16.01.2020

Қазақстандағы кезекті футбол маусымы 29 ақпанда суперкубок ойынымен ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қостанай қаласында ел чемпионы «Астана» кубок иегері «Қайсармен» кездеседі. Елорда командасы биылғы маусымды жаңа жаттықтырушылар штабымен бастайды. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек «Астананың» да тізгінін ұстады. Енді чех маманы қос қызметті қатар атқарады.

«Астананың» Қазақстан футболы тарихында өзіндік орны бар. Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, бұл ұжым елішілік жарыстарды былай қойып, Еурокубок додаларында да атой салып жүр. Қазір елорда командасы Қазақстанның бетке ұстар клубына айналды. Сондықтан «Астанадағы» кезекті ауыс-түйіс жанкүйерлерді былай қойып, мамандардың өзін таң қалдырды.

Бақтияр Байсейітов, «Ордабасы» ФК президенті:

- «Астана» жіберіп отыр Григорчукты. Мен өзім де таң қалып жатырмын. Неге жібереді, олар суперкубокты алды. Бірінші орын алды. Еуропада топтық кезеңге шықты. «Манчестер Юнайтедті» ұтты. Енді олардың өздерінің бір жолы бар шығар осылай істеуіміз керек деген.

Бұған дейін «Астананы» жаттықтырған Роман Григорчук қызметін мерзімінен бұрын аяқтады. Оның орнына чех азаматы Михал Билек келді. Алайда, украиналық маман бапкерлер штабына жүктелген негізгі міндеттерді орындады. «Астана» кезекті мәрте премьер-лигада топ жарып, Еурокубок додасының топтық кезеңіне шықты. Бірақ команданың бұл турнирдегі нәтижесі ала-құла болды. «Еуропа лигасында «Аз Алкмарға» қарсы екі ойын Григорчуктың тағдырын шешті», - дейді футбол сарапшылары. Тіпті «Манчестер Юнайтедтен» басым түскені де украиналық бапкерді қызметінде қалдыра алмады.

Ербол Қаиров, футбол сарапшысы:

Менің ойымша, «Астана» «Аз Алкмарға» екі рет ірі есеппен жеңілді. Сол үшін «Астананың» басшылары осындай шешімге келді. Ең басты мақсатын Григорчук орындады. «Астананың» деңгейі өте жоғары болғандықтан, оларға тағы да Еуропа лигасында жаңа жеңістер керек болды. Және ол екінші орынға іріктей алған жоқ топтан шыққан жоқ.

Қысқа уақытта Еуропалық деңгейге көтерілген клуб енді жаңа белестерді бағындыруды көздейді. Бір мәрте чемпиондар лигасының екі мәрте Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған команданы біліктілігі жоғары бапкер дайындауы тиіс.

«Үздіксіз даму үшін өзгерістер керек. Ал, Роман Григорчук «Астананы» одан әрі өрге сүйрей алмайды», - дейді мамандар. Енді елорда командасы Еурокубок додаларында ойнап қоймай, плей-офқа шығуды көздейді. Клуб басшылары бұл белеске Билекпен шығатындарына сенімді.

Михаил Гурман, «Астана» ФК бас директоры:

- Қазір Қазақстандағы футболшылардың барлығы да «Астанада» ойнауға тырысады. Бәрі де Еуропа турнирлеріне қатысқысы келеді. Бұл қалыпты жағдай. Бәрі жаттықтырушыға байланысты. Билек «Астанадағы» ойыншыларды ғана емес барлық отандық футболшыларды бақылайтын болады. Тек жұмыс кестесі тығыз болады, бірақ ол бұл ауыртпалыққа дайын екенін мәлімдеді.

Ербол Қаиров, футбол сарапшысы:

- Билектің мықты жаттықтырушылар штабы бар. Олар Қазақстан чемпионатын қарайды. Ұлттық құрамаға лайықты ойыншыларды қарастырады және «Астананың» деңгейін көтеру үшін бар күшін салады. Екі жұмысты істеу оңай емес. Бірақ Билек өте тәжірибелі бапкер, меніңше, ол «Астананы» да алға сүйрейді.

Бір жыл бұрын Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған Михал Билек енді «Астананы» өрге сүйреуі тиіс. Қос қызметті қатар ұстаған маманның қазақ футболындағы еңбегін уақыт көрсетеді. Қазір чех маманы жаңа командасымен Португалияға оқу-жаттығу жиынына аттанды.

Авторлары: Қанат Базылханов, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы