431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барыс» хоккейшілері «Йокеритке» қарсы айдынға шығады

  • 216
  • UPD: 12:52, 21.01.2020
«Барыс» хоккейшілері «Йокеритке» қарсы айдынға шығады

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті турын бастайды. Андрей Скабелка шәкірттері Хельсинкиде «Йокерит» командасымен айдынға шығады. Елорда хоккейшілері араға екі күн салып, Петербургтың СКА клубына қонаққа барады. Сосын «Салават Юлаев» пен «Автомобилист» күтіп тұр.

Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасында шорт-трек шеберлері жарыс жолына шықты. 500 метрлік қашықтықта Қазақстан атынан екі спортшы жүлдеге таласып, іріктеуден өте алмады. Мария Горбунова Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Малайзия қыздарымен ширек финал жолдамасын сарапқа салды. Іріктеу кезеңіндегі екінші айналымда жерлесімізді малай спортшысы қағып кетті. Нәтижесінде Горбунова жарысты ерте аяқтады. Жігіттер арасында Санжар Жанысов сынға түсті. Ол іріктеу кезеңінде Оңтүстік Корея, Польша, Германия шорт-трекшілерінен озып, ширек финалға өтті. Санжар жартылай финал жолдамасын Ресей, Қытай және Тайланд спортшыларымен сарапқа салып, келесі кезеңнен шет қалды. Жанысов жалпы есепте 12-орынға тұрақтады.

Санжар Жанысов, шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Мұз нашар болып кетті. Екі мәрте сүрініп құлай жаздадым. Оның үстіне тайландтық қарсыласым кедергісін келтірді. Соның салдарынан жақсы нәтиже көрсете алмай жартылай финалға шыға алмадым.

Енді Санжар Жанысов үздік 16 шорт-трекшінің қатарында аралас командалық эстафетада сынға түседі. Бұл жарыс ертең өтеді.

Өскеменнің «Торпедосы» жоғарғы хоккей лигасының кезекті жарыс күні Ресейдің «Нефтянигін» қабылдап, 3:2 есебімен басым түсті. 14-минутта қонақтар есеп ашты. Өскемен хоккейшілері үзілістен кейін қарымта қайтарды. Андрей Виноградов таразы басын теңестірді. Сосын Артем Лихотников айдын иелерін алға жетеледі. «Барыстың» бұрынғы шабуылшысы ойын ортасынан ауғанда екінші шайбасын соғып, «Торпедоның» жеңісіне өз үлесін қосты. Маңызды үш ұпайын еншілеген Өскемен командасы плей-офф сатысына жақындай түсті. Қазір Қазақстандық команда ресей жоғарғы хоккей лигасының турнир кестесінде тоғызыншы орында келеді. Сегізінші орында Қарағандының «Сарыарқасы» тұр. Бүгін «Торпедо» «Ижсталь» командасын қабылдайды. 

Мельбурн қаласында теннистен Австралия ашық біріншілігі басталды. Жылдың алғашқы үлкен шлем жарысына Қазақстанның бес спортшысы қатысады. Ұтыс қоры 49 млн долларды құрайтын турнирдің алғашқы айналымдағы ойындары өтті. Алайда қалың жауған нөсер салдарынан бірнеше кездесулер кейінге шегерілді. Соның бірі Михаил Кукушкин мен Марк Полманс арасындағы матч. Бірінші партиядан кейін 6:4 есебімен австралиялық теннисші алда келеді. Қазақстандық Елена Рыбакина мен Америкалық Бернарда Пере арасындағы ойын да келесі күнге ауысты. Австралия ашық біріншілігінің қазіргі чемпионы Новак Джокович алғашқы айналымда неміс Ян-Леннард Штруффтың осал тұсын тапты. Есеп: 7:6, 6:2, 2:6, 6:1. Венгр теннисшісі Мартон Фучович Канадалық Денис Шаповаловтан айласын асырды.

Хабар 24 телеарнасы