425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маунтинбайк шеберлеріне елордадағы қалың қар пайдасын тигізді

  • 606
  • UPD: 14:03, 23.01.2020

Елордада қардың уақытылы жиналмауы маунтинбайк шеберлері үшін өте жақсы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар омбы қардан жасанды таулар құрастырып, мұз бөліктерін жолдағы кедергіге айналдырды. Осылайша қолдан жасалған алаңқайда қысқы оқу жаттығу жинынын өткізіп жатыр.

Маунтинбайк – аты айтып тұрғандай, бұл велоспорттың таулы-қыратты аумаққа арналған бағыты. Сәйкесінше, ұлттық құраманың оқу-жаттығулары әдетте Алматы облысындағы жабайы табиғат аясында өтетін. Бірақ бұл жолы олар елордада шеберлік шыңдауды жөн көріпті. Өйткені алдағы халықаралық жарыс Ресейде өтеді. Яғни денені біртіндеп суыққа үйрету керек. Екіншіден, биыл елордада қар қалың түсті және уақытылы жиналмады. Осы мүмкіндікті пайдаланған спортшылар қолдан арнайы таулар жасап, оқу-жаттығу жинынын омбы қардың үстінде өткізіп жатыр.

Тыныс Ақанов, маунтинбайктан жасөспірімдер арасындағы ұлттық құраманың бапкері:

– Негізі біздің оқу-жаттығу жиынымыз Алматыда өтетін. Таулы аймақтарда. Ол кезде қарды қолданбайтынбыз. Басқа да тәсілдер болатын. Нұр-Сұлтан қаласында амал болмағандықтан, осындай ауа райына байланысты қардан тау жасадық.

Қалың қардың бетіндегі жаттығу жұмыстары техниканы жетілдіріп, ептілікті шыңдауға көмектеседі дейді бас бапкер. Өйткені мұнда спортшының барлық бұлшық еті қимылдайды. Бұған қоса, таза ауа аясындағы дайындық жүрек соғысы мен қан айналымына да пайдалы. Тағы бір ерекшелігі, жарақат болмайды. Яғни велосипедпен жасалатын күрделі элементтерді ешқандай уайымсыз қайталай беруге болады.

Мирас Алпатов, маунтинбайктан ұлттық құрама мүшесі:

– Қардың бетінде велосипедті жеңіл игеріп, епті қимылдап үйренеміз. Бұған қоса, командалық жұмысты пысықтауға қолайлы. Жарыс кезінде болатын әртүрлі қауіпті сәттерді де сынап, оның алдын алуды осы жерде қарастырамыз.

Жасөспірімдер арасында ұлттық құрама қардағы жаттығудан бөлек, күнделікті фитнес залда дайындық жүргізеді. Бұған қоса, спорттық дәрігер мен психологтың да жіті назарында. Елордадағы олимпиадалық даярлау орталығында олардың жоғары деңгейде оқу-жаттығу жүргізуіне барлық жағдай жасалған. Ал қардан тау жасап, оны дайындық алаңына айналдыру тәжірибесін енді алдағы уақытта тұрақты қолдану көзделіп отыр.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы