376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Австралияда велоспорттан «Тур Даун Андер» көпкүндігі өтіп жатыр

  • 274
  • UPD: 12:49, 24.01.2020
Австралияда велоспорттан «Тур Даун Андер» көпкүндігі өтіп жатыр

Австралия тас жолдарында дәстүрлі «Тур Даун Андер» көпкүндігі өтіп жатыр. Велошабандоздар 131 шақырымдық үшінші кезеңде сынға түсті.

«Астана Про Тим» командасының спортшылары әзірге жүлделі орынға жақындай алған жоқ. Үшінші кезеңде Қазақстандық клуб сапынан Луис Леон Санчес пен Омар Фраиле және Мануэль Боаро және Фабио Феллине белсенділік танытып, біразға дейін топ басындағы спортшылар қатарында болды. Кейін Фраиле мен Санчес шабуылға шыққан көшбасшылардан қалып қоймауға тырысты. Алайда мәреге тоғыз шақырым қалғанда Австралиялық велоспортшы Ричи Порт өзгелерді қапы қалдырып, кезең жеңімпазы атанды. «Астана» капитаны Санчес көшбасшыдан 27 секунд ұтылып, жалпы есепте 23-орынға жайғасты. Топ басында Ричи Порт келеді. Бүгін «Тур Даун Андер» көпкүндігінің төртінші кезеңі өтеді.

«Барыстың» азуы СКА-ға батар емес. Петербург командасы елордалықтар үшін алынбас қамалға айналды. Құрлықтық хоккей лигасының көшбасшысы кеше 7:4 есебімен басым түсті. Қатарынан төрт ойында жеңіске жеткен «Барысты» СКА хоккейшілері тоқтатты. Қазақстандық команда сапынан Кертис Волк пен Корбэн Найт және Никита Михайлис екі мәрте мергендік танытты. СКА командасы осы жеңістен кейін плей-офф кезеңіне жолдама алды. «Барыс» 51 матчтан кейін шығыс конференциясында 67 ұпаймен үшінші орында келеді. Андрей Скабелка шәкірттері ертең Уфада "Салауат Юлаевпен" кездеседі.   

Елена Рыбакина Австралия ашық біріншілігін үшінші айналымда аяқтады. Қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартиден ұтылды. Есеп: 3:6, 2:6. Бүгін жерлесіміз жұптық сында Зарина Диаспен бірге сынға түседі. Қазақстандық спортшылар француз теннисшілері Фиона Ферро - Ализа Корне жұбымен ойнайды. Әйелдер арасындағы жекелей сында Зарина Дияс пен Юлия Путинцева бар. Зарина үшінші кезеңде Нидерланды өкілі Кики Бертенспен кездессе, Путинцева румын қызы Симона Халеппен кортқа шығады. 

«Ливерпуль» чемпиондық атаққа сенімді қадам жасап келеді. Юрген Клопп шәкірттерінің премьер-лигада жеңілмегендеріне жылдан асты. 24-турда «Вулверхэмптонға» қонаққа барған Мерсисайдтар 2:1 есебімен басым түсті. 8-ші минутта Джордан Хендерсон есеп ашып, «Ливперульді» алға жетеледі. Үзілістен кейін алаң иелері таразы басын теңестірді. Рауль Хименес Алиссон қақпасынан саңлау тапты. "Вулверхэмптон" футболшылары тең нәтижені сақтап қала алмады. 84-минутта Роберто Фирмино мергендік танытып, өз командасына жеңіс сыйлады. «Ливерпуль» 23 матчтен кейін 67 ұпай жинап, басты қарсыласы «Манчестер Ситиден» ұзай түсті. Қазір екі команда арасын 16 ұпай бөліп тұр.

Хабар 24 телеарнасы